Ел дамуының алтын діңгегі
Шартараптың түкпір-түкпіріне көз жүгіртсеңіз, бұл пікірдің мызғымас аксиома екеніне көз жеткізесіз. Әлем Францияны – Париж, Англияны – Лондон, Италияны Рим арқылы таниды. Қазақстан да жер-жаһанға елордасы – Нұр-Сұлтан қаласымен танылған.
Бүгінде астанамыз ұлтымыздың ұясына, азаттық аңсаған елдің символына айналды. Кезінде Әлихан Бөкейхандар Алаштың орталығы етуді көздеген Қараөткелдің тұсынан аспанмен таласқан зәулім ғимараттары бар көз тартар шаһар бой көтерді.
Талайды тамсандырған таңғажайып шаһардың бір күнде пайда болмағаны белгілі. Кеңес дәуірінде «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ» деп айтушы едік қой. Сол секілді Сарыарқаның төрінде орын тепкен елордамыз жыл санап көркейіп келеді.
Жалпы, Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Қазіргі уақыттың шындығы мен геостратегиялық факторлар геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі. Сондықтан ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру қажет еді.
«Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселені шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды. Жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді.
Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер уақытында жүзеге асты. Астана туралы мәселені кейінге қалдыруға болмайтын еді. Көп созбай, жаңаны ескінің құндағынан «аршып алып», тәуелсіз Қазақстанның барыс бітімді, самұрық серпінді асқақ бейнесін жасау қажет болды», деп еске алады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кезеңді.
Заманауи іргетасы осылай қаланған астанамыз бүгінде шартарапқа таңғажайып архитектурасымен танылған. Әлбетте, шаһардың көркеюі, ең әуелі, қаланың бекітілген Бас жоспарына байланысты.
Осы орайда елорда салудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өткен жөн. Жаңа астананың іргетасы қаланған күннен бастап, қаланың болашақ жоспарын мұқият ойластырып, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды.
Қаланың Бас жоспарын жасау үшін халықаралық байқау жүргізілгені есімізде. Елбасының сәулетті шаһар салу идеясына әлемнің мықты архитекторлары қызығушылық танытып, көптеген ұсыныс келіп түскен-ді. Жаңа астананың басты авторы – Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында осы оқиғаны былай деп еске алады:
«Конкурсқа айтулы сәулет компанияларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жоба Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жоба іріктелді. Сөйтіп конкурс қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі, жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».
Таңдаудың «Күншығыс елінің» сұңғыла сәулетшісіне неліктен түскенін Елбасы былайша түсіндіреді:
«Өз атымнан қосар болсам, қаланың тарамдалған-сақиналы композициясы мен оның өрісті нысанын ұсынатын Курокаваның Бас жоспары біздің көшпелі ата-бабамыздан жеткен ұлттық серпінді сезімді ескеретіндіктен және қаланың орталық бөлігінің ландшафт ерекшелігі номадтардың ежелгі көшпелі тұрақтарының пішінін еске салатындықтан, көп жағдайда жаныма жақын сезіледі».
Бүгінгі астананың негізі мыңжылдықтар тоғысында қаланып, санаулы жылдар ішінде-ақ ғаламат сұлу заманауи шаһарға, нағыз урбанистік жауһарға айналып шыға келді. Еліміздің жаңа астанасы – бүкіл Қазақстан халқының арманынан туған ортақ перзент десе де болғандай.
Айтса айтқандай-ақ, Ақорда күмбезіндегі алтын қыран, Қазақ елі монументінің басындағы киелі Самұрық құс, дәстүрлі қазақ үйінің сұлбасын еске түсіретін Тәуелсіздік сарайы және көне аңыздарға арқау болған Бәйтерек – елорданың осы және басқа да көптеген көрікті жерлері ұлттық мифологиямен, халықтың тарихи жадымен тығыз байланысты.
Ұлы тарихи қайраткерлердің есімдерінсіз елорда топонимикасын көзге елестету мүмкін емес. Оның көшелерінде туған жердің тарихы ежелгі жауынгерлердің мүсін-тұлғаларында, аңызға айналған қаһармандарында, тотемдік жан-жануарлардың бейнесінде қайта тірілгендей әсер етеді.
Астананың сәулеттік келбеті сан түрлі ұлт өкілдері мекендейтін қаланың еуразиялық болмысынан хабар береді, шаһардың жай механикалық бірігу жолымен емес, дүниенің төрт құбыласы – Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік мәдениеттерінің үйлесімінен туғанын айғақтайды.
Мәселен, Ұлыбритания сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған, биіктігі 62 метрге жететін алып ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайы астананың мәдени өмірінің нағыз орталығына айналды. Оның ішіне кітапхана, музей, тіпті театр да сыйып кеткен. Түрлі елдердің дін қайраткерлері өздерінің дәстүрлі кездесулерін өткізу үшін осы Бейбітшілік және келісім сарайына жиналады.
Н.Фостер елорда құрылысына бір адамдай-ақ атсалысты. Бейбітшілік және келісім сарайынан басқа, 2010 жылдың шілдесінде ашылған алып күмбез бейнесіндегі «Хан Шатыр» архитектуралық ансамблі және пішіні аса зор көз ұясына ұқсайтын Назарбаев орталығының ғимаратын жобалауға үлес қосты.
Ұлы дала тарихынан хабар беретін елордадағы ғимараттар мұнымен шектелмейді. 2009 жылы «Қазақ елі» сәулет кешені салтанатты түрде бой көтерді. Ұшар басына жеңімпаз Самұрық құс келіп қонған, көкке ұмтылған маңғаз мұнара Қазақстанның бүгінгі келбеті мен ертеңгі күнін бейнелейді. Осынау ғаламат кешен қазақ жазирасының кеңдігінен, ұшы-қиыры жоқ дала тұрғындарының дарқандығынан хабар береді. «Қазақ елі» монументінің негізінде қазіргі заманғы Қазақстан тарихының жарқын беттерін ашатын айшықты бедер жатыр. Сонымен қатар монумент Еуразия кіндігінде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етіп тұр.
2004 жылдың 24 желтоқсанында тұсауы кесіліп, Ақорда деген атауға ие болған ел Президентінің ресми резиденциясы үш жылдан астам уақытта салынып бітті. Көк түсті күмбезбен көмкерілген көрікті ғимарат өзінің классикалық сұлулығымен атам заманғы айбынды сарайларды еске түсіреді және дүниежүзіндегі президент резиденцияларының ең көркем «ондығына» еркін енеді.
Ғимарат астана сәулет кешенінің күретамыры іспетті түзу сызықтың дәл ортасында орналасқан: «Хан Шатыр» – «Бәйтерек» – «Ақорда» – «Бейбітшілік және келісім сарайы» – «Қазақ елі»... Кешеннің сәулеттік кескінінде Ұлы дала дәстүрлерімен сабақтастық идеясы, сондай-ақ еуразиялық мәдениетті, толеранттылықты алға шығару мақсаты мен қуатты Қазақстан мемлекетін қалыптастыру ниеті өзара тоғысып жатыр.
Елордадағы сәулет таңғажайыптары мұнымен шектелмек емес. «Қазақстан» концерт залы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Нұр-Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттері – астананың ажарын ашып тұр. «Қазақстан» спорт сарайы, төбесі жабылатын «Астана-Арена» футбол стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, конькимен сырғанаушыларға арналған «Алау» стадионы – ең қатаң деген спорттық-техникалық талаптарға да сай келеді және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Осы орайда астанамызға бірнеше рет келіп, 2012 жылы National Geographic журналына Tomorrowland атты мақала жариялаған фотограф Герд Людвиг елорданың даму қарқынына жоғары бағалады.
«Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір ерекшелігі – қала негізгі жоспарға сай дамып келеді. Мен бұған дейін басқа да үлкен-үлкен қалаларға барғанмын. Ол жақтан мұндай ерекшелікті байқау қиын. Мысалы, Мәскеу жылдан-жылға үлкейіп келеді. Бірақ шаһар дамуының нақты жоспары байқалмайды. Ал елорда дамуы Бас жоспарға сай жүргізіліп жатқаны анық байқалады. Келешекте де шаһардың көркеюі осы қалпынан таймайды деп үміттенемін», дейді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы сәулет таңғажайыптарының орталығы ғана емес, әлемге Қазақстанның бейбітсүйгіш болмысын паш еткен орталыққа айналды. 2003 жылы астанада тұңғыш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі содан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.
2010 жылдың 1-2 желтоқсанында астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінде, сол кезде осы ұйымның төрағасы міндетін атқарған мемлекетіміз Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа орай маңызды бастамалар көтеріп, кейін сол жаңа саясаттың белсенді жақтаушысына айналды.
Сондай-ақ Сириядағы дағдарысқа байланысты Қазақстан диалог алаңын ұсынған-ды. Содан бері «Астана процесі» аталған бұл келіссөздер аталған елдегі қақтығысқа қатысты бірқатар мәселені шешуге елеулі үлес қосты. Бүгінге дейін «Астана процесінің» бірнеше раунды өтіп, ауқымды уағдаластықтарға қол жеткізілгені мәлім.
Бүгінде астана Қазақстан тәуелсіздігінің тұғырына айналды. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі уақыт – мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезең.
Дереккөз: egemen.kz