Мемлекет басшысы Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микурияны қабылдады
Кунио Микурия Түркістан қаласындағы кедендік инфрақұрылым нысандарын аралағанын айтып, жаңа әуежайдың кедендік ресімдеу процесін жоғары бағалады. Облыс орталығының «Шығыс-Батыс» бағытындағы транзиттік әлеуетінің маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар Бас хатшы Қазақстанның электронды кедендік декларациялау рәсімі мен «бір терезе» қағидатын енгізу тәжірибесі Ұйымға мүше көптеген елдер үшін озық үлгі бола алатынын айтты. Кездесу соңында кеден саласындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі кездесу үшін өте қуаныштымын. Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымының белсенді мүшесі ретінде ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі. Бұған қоса, бірқатар халықаралық конвенцияға қосылдық және осы мүмкіндікті пайдаланып, бірлесе қызмет етіп жатырмыз. Біз алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Осы тұрғыда елімізге көрсеткен қолдауыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Кунио Микурия, Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы:
- Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы ел. Аймақтағы мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыруға ынталысыз. Мен Өзбекстанмен шектесетін оңтүстік өңірлерде болдым. Жаңа инфрақұрылымдарды көрдім. Қазақстан батыс пен шығысты және оңтүістік пен солтүстікті байланыстырып тұр. Бұның кедендік салада маңызы ерекше.