Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Президент Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі сенімді серіктес әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы араб мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті. Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар, екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру мәселелері айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев араб компанияларын қазақстандық жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Кездесу соңында Президент Абдалла Әл Аш-Шейхті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауд Арабия Қазақстан үшін ерекше ел, сенімді серіктес. Тамызда тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы сөйлестім. Нақты уағдаластықтарға келдік. Жақында ғана Инвестиция және сауда министрі Нұр-Сұлтан қаласына келіп кетті. Біз нақты жобалар туралы келіссөздер жүргіздік. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағы зор болады деп сенемін.
Абдалла Әл Аш-Шейх, Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің төрағасы:
- Мен бауырлас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Біз парламенттік деңгейде бірқатар жемісті кездесу өткіздік. Мұндай жүздесулер елдерімізді жақындастыра түседі. Мемлекеттеріміздің басшылары деңгейінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда осындай сапарлардың мәні зор деп есептеймін.
Сонымен қатар Президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Хатшылығының атқарушы директорын қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы ұйымға Қазақстан төрағалығының бірінші жылына қатысты мәлімет берілді. Сондай-ақ Кеңестің VI Саммитіне дайындық жұмыстары туралы баяндалды. Президент жоғары деңгейдегі жиынға тиянақты дайындалу мен өзекті мәселелер мен ұйымдастыру жұмыстарын пысықтаудың маңызды екеніне баса мән берді.
Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы «Astana Group» компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Нұрлан Смағұловты қабылдады. Кездесу барысында компанияның жұмысы мен даму перспективалары туралы ақпарат берілді. Нұрлан Смағұлов бюджетке төлеп отырған салық мөлшерінің 90 миллиард теңгеге дейін артқаны, экспорт тасымалының өскені, сондай-ақ жеңіл техника шығаратын зауытты кеңейтуге және Алматы қаласындағы бейнелеу өнері музейінің құрылысына қатысты жоспарын айтты. Сонымен қатар бизнесмен бюджеті 1 миллиард теңге болатын өзінің қайырымдылық қорының қызметі туралы да айтты. Қор мәдениет пен спортты дамытуға қолдау көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның бастамаларына оң баға беріп, табыс тіледі.