Мәжілісте алдағы екі жылғы бюджет мақұлданды
Ал Денсаулық сақтау саласына үш жылда 5,7 трлн теңге бағытталса, білімге 7 трлн қарастырылған. Мәжіліс депутаттары Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында бірқатар шығын ұлғайтылғанын айтып отыр.
Журналистер онлайннан дәстүрлі режимде жұмыс істеуге көшті. Мәжіліс ғимаратына пандемиядан кейін кіруге алғаш рұқсат берілді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар, мемлекеттік мекемелер мен журналистердің қоян-қолтық жұмыс істеуі қоғамдық сенімді арттыратынын атап өтті.
Тақырып тығыз, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасы. Құжатта мұнай баррелінің құны – 60 доллар, доллар бағамы – 425 теңге. Бюджеттің 50% астамы әлеуметтік шығындарға бағытталмақ. Коронавирус әлі кеткен жоқ, депутаттар оның алдын алуға зейін қойды.
Жәмила Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға бюджет қаражаты қарастырылмаған. Вакцина қандай қаражат есебінен сатып алынады?
Депутаттар екі қайтара нақтылап сұрады. Премьердің орынбасары Үкімет резервінен қаржы қаралғанын айтты. Соңғы уақытта азық-түлік қымбаттағанын бүкіл халық біледі. Инфляция шегінен шықты. Мәжіліс депутаттары қалай реттелетінін де сұрады.
Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қыркүйекте жылдық инфляция 8-9% құрады. Ағымдағы жылы инфляцияның өсуінің басты себебі азық түлік өнімдерінің қымбаттауы болды, жанар-жағар май да қымбаттады. 2022 жылы 4-6% нысыналы дәлізге қайтару үшін Ұлттық банк тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр?
Ұлттық банк басшысының айтуынша, биыл инфляция 8% деңгейінде қалады. Ауызсу, жол, құрылыс, жалақы. Бюджетте барлығы ескерілді. Халықтың тұрмысын жақсартып, өңірлерді дамытуға үш жылда 4,7 трлн теңге жұмсалмақ.
Марат Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын орта есеппен 20% көтеру жөнінде түзетулер қабылданды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған шығыстарды ұлғайту жөнінде бірқатар түзету қабылданды.
Көп жағдайда тапшылықты жабу үшін Ұлттық қор қаржысынан ала бергенді доғарған жөн. Депутаттар Президент тапсырмасын еске салып, шығыстарды жүйелі жоспарлауды ұсынды.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тұрғын үй, ауызсу, газ, жылу, интернет секілді инфрақұрылымдық шығындар мен экономиканы жаңғыртуға бөлінетін қаражатты нақты бөлу қажет. Биыл мұнай бағасы өсіп, экспорттан пайда түсті, құрылымдық-экономикалық реформалар жасауға мүмкін болды. Енді Үкімет өнеркәсіпті жаңғыртып, экономикалық өсімнің жаңа моделіне көшуді ойластырса игі.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Импортқа тәуелді жағдайда инфляцияға девальвациялық процесс те әсер етеді. Ол Ресеймен саудада байқалады. Бұл қақпаннан шығу үшін өз өндірісімізді дамытқан жөн. Үкімет қарапайым заттар экономикасы және бизнестің жол картасы бағдарламалары бойынша 64 млрд теңгені қысқартып, керісінше импортты көбейтіп жатыр.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындауға да ерекше көңіл бөлінді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин: «Жол картасы толықтай қаржыландырылуға тиіс, бұл фракция мүшелерінің бақылауында», - деді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Осы үшжылдық бюджетте, бірінші кезекте, әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Шын мәнінде, бюджеттің жартысы осы салаға арналды деуге болады. Сонымен қатар еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамыту, ауылды өркендету және басқа да салаларға тиісті қаражат қаралды. Осының нәтижесінде біз еліміздің және халқымыздың әлеуметтік-экономикалық бағытын одан әрі нығайтуға тағы бір нақты қадам жасадық. Енді басты міндет – осы қаражаттарды жоспарға сәйкес, өз уақытында тиімді пайдалану.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында бюджетте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ауылды сапалы сумен, жолмен қамтуға, оңалту орталықтарын салуға шығындар ұлғайтылды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев