Президент TotalEnergies мұнай-газ концернінің басшыларын қабылдады
Тараптар жаңартылатын қуат көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Сонымен қатар кездесуде Қашаған және Дұнға кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттыру мәселесі көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- TotalEnergies компаниясы жаңартылатын қуат көздері саласында өте белсенді жұмыс істеп жүр. Қазірдің өзінде Қызылорда және Жамбыл облыстарында электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ қуаты 1 гигаватт болатын жел энергетикасы кешенінің құрылысы туралы меморандумға қол қойылды.
Арно Брейяк, TotalEnergies концерні президентінің аға кеңесшісі:
- Президент мырза, Сіздің қабылдауыңызда болу – біз үшін үлкен құрмет. Сізге TotalEnergies компаниясының басшысы Николя Терразды ресми түрде таныстырғым келіп отыр. Мен бұл қызметте 8 жыл отырдым. Сондықтан бүгін қол қойылған жел энергетикасы кешенінің құрылысы туралы меморандумның қаншалықты маңызды құжат екенін жақсы білемін.