Мәжіліс отырысында бірнеше заң жобасы мақұлданды
Құжатқа сәйкес, кәсіпкерлер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап есеп беру құжаттарын тек электрондық форматта тапсыруға тиіс болатын. Әйтпесе оларға жауапкершілік қарастырылған. Алайда Үкіметтің бұл нормасына Мәжіліс депутаттары түзету енгізді. Ауыл-аумақ әлі түгел интернетпен қамтылмаған, сондықтан бұл талапты орындау қиынға соғады. Сондай-ақ төменгі палатада сот жүйесі мен судьяларға қатысты үш бірдей заң жобасы мақұлданды.
Елімізде кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары 1 млн 600 мыңнан асады. Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу құжатына бірқатар түзету енгізді. Себебі Үкімет нұсқасына сай, кәсіпкерлер жаппай 2023 жылдың 1 қаңтарынан есепті электрондық форматта тапсыруға тиіс.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Әкімшілік жүктемені азайту үшін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, тек электрондық нысанда есеп беру туралы талапты заңнамалық бекіту көзделеді.
Мәжіліс депутаттары бизнес иелерін тығырыққа тіремей, есеп құжаттарын электрондық қана емес, қағаз жүзінде де тапсыруды қалдыру керек деген түзету енгізді.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елімізде кеңжолақты интернетпен қамтылмаған ауылдар саны қанша? Цифрлық форматта ғана емес, бұрынғы қағаз жүзінде де есеп беруді қалдыру туралы депутаттардың ұстанымына қалай қарайсыз?
Асқар Жамбакин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:
- Елімізде 6 341 ауылда интернет жақсы жұмыс істесе, 768 ауылда нашар. 1 178 елді мекенге интернет мүлдем тартылмаған. 2025 жылға дейін қамтамасыз ету көзделген.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ауыл-аймақ әлі толықтай интернетпен қамтылмаған болса, кәсіпкерлерді электрондық форматта есеп беруге мәжбүрлеу ақылға сыйымсыз екенін атап өтті.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Сіздер еліміздегі кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп қоймақсыздар. Интернет сапасы нашар, ғаламтор қолжетімсіз ауылдар бар. Цифрлық құжаттармен жұмыс істеуге машықтанбағандары қаншама?! Егер кәсіпкерлерге мұндай талапты қоятын болсаңыздар, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін толықтай интернетпен қамту міндетін орындауларыңыз қажет. Сол себепті депутаттар Үкімет жағдай жасағанға дейін қағаз жүзінде есеп беруді де қалдырып отыр. Бұл дұрыс.
Құжатқа сай, бизнеске қойылатын артық және тиімсіз талаптарды азайту заңмен бекітілмек. «1-in 2-out» қағидаты енгізілсе, құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талаптың күші жойылмақ. Депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдады, бірақ ескертулерін де жеткізді.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Пандемия мен карантиндік шаралар кезіндегі тәжірибе ескерілмеді. Прокуратура органдары бұл топтардың жұмыс тәсілін заң шеңберінен шығу деп мойындады. Осы топтардың жұмысына тыйым салыну керек немесе карантиндік шараларды заңмен заңдастырған жөн.
Сондай-ақ депутаттар сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы, дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институттарын дамыту жөніндегі үш бірдей заң жобасын мақұлдады. Құжаттардың барлығы Парламент депутаттарының бастамашалық етуімен әзірленген. Заңнамалық өзгерістер судьялардың кәсібилігін, жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруды көздейді. Дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институттарын дамыту жөніндегі құжатқа сай татуластыру рәсімін қолдану кеңейтілмек.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінде медиация институтын дамытумен жүйелі негізде айналысатын бірде-бір орган жоқ. Медиация заңын қабылдағанымызға 10 жыл болды, бірақ бір орган жоқ. Сондықтан заң жобасында тиісті уәкілетті органды айқындау және оған осы құзіретті беру ұсынылады.
Депутаттың айтуынша, құжатқа алимент төлеу мәселесін у-шусыз реттеу нормасы да енгізілген.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев