Ералы Тоғжанов зиялы қауым өкілдерімен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын талқылады
Қала әкімдігі халықты вакциналау қарқынын үдетпекші. Ол үшін алып шаһарда 137 егу пункті жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары мәлімдеді.
Ержан Бабақұмаровтың сөзінше, қаладағы ахуал тұрақты. Әсіресе мектептегі жағдай ерекше бақылауға алынған. Мұғалімдердің барлығы вакцина салдырған. Індет өршитін болса, ауруханаларда төсек-орындар дайын. Қажет құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек жеткілікті.
Алматыда 40 мониторингтік топ жұмыс істейді. Жыл басынан бері тексерілген 44 мың нысанның 4 мыңнан астамы карантин талабын бұзған.
Алматыға жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов зиялы қауым өкілдерімен кездесті. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын талқылау үшін жиынға шығармашылық және академиялық саланың саңлақтары, Қоғамдық кеңестің мүшелері, Қазақстан халқы және Жастар ассамблеясының өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары мен Білім және ғылым бірінші вице-министрі қатысты. Олар Мемлекет басшысы жүктеген міндетке сәйкес ұлттық құндылық пен дәстүрді, заманауи қоғамды рухани жетілдіруге серпін беретін ілкімді істерді сөз етті.
Бұдан бөлек, медиа өнімдерді дамыту, мемлекеттік тілде білім беруді күшейту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Айта кетейік, осы жылдың тоғыз айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 347 жоба жүзеге асыпты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылған екен.