Глазгода өтіп жатқан климаттық саммитте Әлия Назарбаева сөз сөйлейді
Олар әлем қауымдастығын Орталық Азиядағы экологиялық жағдайға ықпал етіп, тығыз әріптестік орнатуға шақырды.
Тарихи шарада алғашқы болып сөз сөйлеген Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумының төрағасы Әлия Назарбаева «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Бағдарламаға Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жетекшілік етеді.
Әлия Назарбаева, Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумының төрағасы:
- Батыл қадамдар жасайтын уақыт келіп жетті. Біз болашақ ұрпақ алдында жауаптымыз және бұрын-соңды болмаған үлкен өзгерістерге ұйытқы болуымыз керек. Бүгін біз мемлекеттік шекараларымыз бен жеке мүдделерімізден тысқары шығуымыз қажет. Бұл біздің ортақ мәселеміз және оны қорымызды, білімімізді және күшімізді біріктіру арқылы ғана шеше аламыз.
Шараның басты тақырыбы – «Климатты сақтау үшін күрестегі аймақтық бірлік». Орталық Азия мемлекеттері экология және климаттық өзгерістер мәселелері бойынша бірігуге мүдделі. Мақсатқа жету үшін аймақты «жасыл» инвестициялық жобалар тұрғысынан тартымды етіп көрсету керек. Әлеуеті зор жаңа технологиялар тарта білген жөн. Аймақтық диалогты күшейтіп, ғылыми негізделген шешімдер қабылдау үшін ақпарат пен білім алмасып отыру қажет.
Зафар Махмудов, Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының атқарушы директоры:
-Конференцияның 26 жылдық тарихында аймақтар бірінші рет бірігіп, ортақ мәлімдеме жасап отыр. Бұл алғашқы қадам екенін ескеруіміз керек. Егер бірлесіп әрекет етуді жалғастыратын болсақ, келесі конференцияларда бұдан да көлемді әрі амбицияға толы ойлар айтамыз.
Шара нәтижесінде Тәжікстан Республикасы «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасының хартиясына қосылды. Хартияға Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі және Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы қоршаған ортаны қорғау Комитетінің төрағасы қол қойды. Енді Тәжікстан Швеция, Финляндия, Испания, Беларусь сияқты елдердің қатарында болып, Қазақстанның экологиялық бастамаларын бірге жүзеге асырады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы