Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу рәсімінде бейнеүндеу жасады

Бүгін бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев Төртінші Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу рәсімінде айтты.

Мемлекет басшысы бейнеүндеуінде пандемияға байланысты Қазақстан-Қытай шекарасына енгізілген уақытша шектеулер тезірек аяқталып, алыс-беріс қайтадан жандана түсетініне сенім білдірді.

«Коронавирус індеті жаһандық сауда желісінің жұмысына айтарлықтай нұқсан келтіргеніне қарамастан, Қазақстан тұрақты транзиттік тасымал бағдарын нығайтып, бірқатар көршілес елдермен жаңа шекарааралық хаб құрып жатыр», – деп мәлемдеді Президент.

Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесіне биыл 120-дан астам мемлекеттің тауар өндірушілері жиналған. Біздің елден 30 ірі өндіруші компания қатысып жатыр.

Олар жалпы құны 100 миллион доллардан асатын азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға келісімшарт жасайды деп жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сауда-саттық әрдайым өркендеудің және халықаралық ынтымақтастықтың басты қозғаушы күші саналады. Бұл қағидат ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан біздің өңір үшін де аса маңызды. Осы ежелгі сауда жолы Төраға Си Цзиньпиннің «Белдеулер мен жолдар» атты ауқымды бастамасының арқасында қайта жаңғырды. Қазір жыл сайын Қытайдан Еуропаға Қазақстан аумағы арқылы 500 мыңнан астам контейнер тасымалданады. Құрық теңіз айлағы іске қосылғаннан кейін Ляньюнган-Карс тасымал дәлізімен Қорғастан Ыстанбұлға жүк жеткізу мерзімі бес есеге, яғни 60 күннен 13 күнге дейін қысқарды. Біз Қорғастан бөлек, бірқатар көршілес елдермен жаңа шекарааралық хаб құрып жатырмыз.