Қ. Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Томаш Гродзкиймен кездесті
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, инфрақұрылымдық және білім беру салаларындағы байланыстарды дамыту мәселесі талқыланды. Томаш Гродзкий Ақмола облысына сапармен барып, ондағы поляк диаспорасы өкілдерімен кездескенін айтты. Польша Парламенті жоғарғы палатасының спикері депортация жылдарында қазақ халқының достық ниеті мен қонақжайлылығының арқасында Қазақстан поляктардың екінші Отанына айналғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Парламенттің бұрынғы спикері ретінде парламентаралық дипломатияны дамытуға баса мән беремін. Елдерімізді бұрыннан бері келе жатқан достық және көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық байланыстыратынын атап өткім келеді. Польшаны Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп білеміз. Польшада болып жатқан жағдайды жіті бақылап отырамыз. Сіздің еліңізге және халқыңызға зор құрметпен қараймыз.
Томаш Гродзский, Польша Республикасы Сенатының Маршалы:
- Қазақстанға сапарымыз екі ел арасындағы өзара байланысты дамытуға тың серпін береді деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сіздердің елдеріңіздің даму қарқыны таңғалдырмай қоймайды. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көреген саясатының арқасы деп білеміз. Біздің халықтарымыз экономикалық дағдарыстың күрделі кезеңінде дами бастады. Қазақстанды дамыту, Нұр-Сұлтан қаласын өркендету және еліңізде демократияны қалыптастыру жолындағы жетістіктеріңіз бізге ерекше әсер етті.