Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркияға барды
Алқалы жиында бірегей бірлестіктің стратегиялық құжаты қабылданып, Кеңеске тағы бір ел қосылады. Түркі елдерінің өзара экономикалық байланысын жандандыру үшін арнайы қор құрылады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Түркі кеңесі 2009 шы жылы Елбасының ұсынысымен құрылған. Ертең сегізінші саммит өтеді. Алқалы жиынға Қазақ елінің Президенті және Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мен Түрікменстан басшылары қатысқалы отыр. Басты жаңалық – Түркі Кеңесі кеңейеді. Халықаралық ірі құрылымға бақылаушы ел ретінде Түрікменстан қосылады.
Кеңеске бұған дейін Венгрия бақылаушы ел ретінде тіркелген. Енді ертең бұл қатарды Түрікмен елі толықтырады. Ал шамамен бір жылдан соң түрікмендер Кеңестің толыққанды мүшесі атануы мүмкін. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз – бірегей бірлестік кеңейе түседі. Кеңестің бас хатшысы: «Ертеңгі жиын тарихи саммит», – деді. Өйткені...
Бағдат Әміреев, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы:
- Өйткені бұл саммиттің шеңберінде көптеген өте маңызды қарарлар қабылданады. Ең біріншісі – Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы. Сондай-ақ осы саммиттің аясында маңызды экономикалық шешімдер қабылданады. Мысалы, Түркі инвестициялық қоры арнайы шешіммен қабылданады деп күтудеміз.
Бұл елдердің ортақ қоры болады. Ондағы қаражат Түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық байланысты жандандыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
Куршат Зорлу, саясаткер, ғалым (Түркия):
- Түркі мемлекеттерінің басшылары бір саяси ортада бас қосады. Яғни ертең аса маңызды шешімдер қабылданады деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, Түркі кеңесінің атауы да өзгеруі мүмкін. Бұл ұсынысты биылғы көктемде өткен саммитте Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді. Яғни Түркі Кеңесі ресми түрде «ұйым» деп аталуы мүмкін. Дүние өзгеріп жатқанда бізге де бірігіп, байланысымызды жандандыру керек.
Саммит барысында сауда, цифрландыру, жасыл технологиялар және өзге де бағыттар бойынша мәселелер талқыланады. Бұдан бөлек, бауырлас елдердің басшылары ертең Ыстамбұлда Түркі кеңесінің жаңа ғимаратын ашады деп күтілуде. Не керек, саясаткер һәм сарапшылар ертеңгі жиын Түркі дүниесінің күшейе түсуіне ықпал етеді деп отыр.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы