Қ. Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтті
Адамдар мен көліктерді тексеру жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтіп, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер және Қорғаныс министрлерінің міндетін атқарушы тұлғалар елдегі ахуалды Президентке баяндады. Алматыда «Барлық» және «Алтын Орда» базарларын тазарту барысында 207 адам ұсталып, олардан ұрланған 5 автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер тәркіленді. Ал жалпы ел бойынша төтенше жағдай режимін бұзған 1,5 мың адам жауапқа тартылған. Мемлекет басшысына негізгі күш-жігердің қазіргі уақытта террористердің мекен-жайын анықтап, ұстау жөніндегі шұғыл шараларға бағытталып отырғаны баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру ісін жалғастыра беруді, сондай-ақ осы жұмыстар бойынша ақпараттық қолдау көрсетуді күшейтуді тапсырды.