Хабар телеарнасы

«Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қоры құрылады

Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеспек. Мысалы, осы қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі, өйткені көптеген отбасылар емдеу ақысын көтере алмайды. Осы қордың көмегімен қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсететіледі. «Алматы қаласына қатігез трагедиядан кейін оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз», – деді Президент. Бұл Президенттің немесе Үкіметтің не басқа мемлекеттік органның қоры еместігін басып айтты. Бұл қазақстандықтарға, халыққа тиесілі қор болмақ. Ал оған қаржыны қайдан алады? Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында осы қорға тұрақты жарна аударатын ірі компаниялар тізімін бекітуді тапсырды. Президенттің пайымынша, Қазақстанда өткен отыз жылда өте бай адамдар пайда болды, солардың халыққа көмектесетін кезі келді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Оған қоса, үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділет сезімін нығайта алатынына сенімдімін.