ҚР Президенті жаңа Қазақстанды құруға бағытталған өзекті шараларды атады
Президент ұсынған кандидатты бүгін Мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады. 49 жастағы саясаткер осы күнге дейін Премьер-Министрдің міндетін атқарып келген. Ал оған дейін үкімет басшысының бірінші орынбасары лауазымында болған. Әр жылдары статистика комитетін басқарды, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі қызметтерін де атқарды. Енді егеменді еліміздің 12-ші Премьер-Министрі алдында Президент жүктеген бірқатар маңызды міндеттерді жүзеге асыру ісі тұр. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар алдында жаңа Қазақстанды құруға бағытталған өзекті шараларды атады. Олардың ішінде министрлер, депутаттар мен әкімдердің жалақысын арттыруға мораторий жариялау, утилизациялық алымның ставкасын қайта қарау мен халыққа пайдасы тиер қоғамдық қор құру. Бастысы халықтың әл-ауқатын құрғақ статистика күйінде емес, шынайы көріністе жақсарту қажет. Президенттің еститін мемлекет тұжырымдамасы бүгін өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында көптен бері наразылық тудырып келген утилизациялық алымға қатысты тиісті тапсырмасын берді. Бұл іспен енді жекеменшік кәсіпорын емес, мемлекеттік орган айналысуы тиіс. Себебі халық ақшасы жекенің қолында кетіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақты туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алымды жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс. Мемлекеттің утилизациялау, автомобильдік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен конструктивті түрде талқылау керек. Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мәселесін қарастыру керек. Осы және өзге де утилизациялық алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар.
Ел қазынасын толтырудағы негізгі көз – ол салық. Бірақ бұнда да біраз былық бар. Әсіресе кеденде. Бюджет кірісін арттырудың маңызды әлеуеті болғандықтан бұл жақты тәртіпке келтіру керек. Мәселен, Қытаймен шекарада көптеген заңбұзушылыққа тиісті орган өкілдері көз жұма қарайтындығын бүгін президент қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Онда пайда болған нағыз былық бәрімізге белгілі. Машиналар тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Келтірілген статистика Қытайдың кеден органдарымен салыстырғанда миллиардтаған долларға жететін алшақтық барын көрсетеді. Қол тигізбейтін мәртебесі бар кейбір уәкілетті операторлар бар. Еліміз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтуда. Іс бұлай жалғаспауы керек. Мен Бас прокуратураға Қаржы министрлігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, кешенді тексеру жүргізіп, кедендік шекарадағы тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырамын.
Түйткілді мәселелердің түйіні бүгіннен бастап тарқатылады. Олардың ішінде қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы мен теңсіздігі, теңгенің құлдырауы сынды қоғам арасында кең тараған проблемалар бар. Президент қазір билік өкілдері халықтың шынайы тұрмыс-тіршілігінен бейхабар деп шүйлікті. Ал елдегі соңғы оқиғалар кезінде кейбір мемлекеттік органдар жұмысының олқылығы мен тиімсіздігі байқалды. Осыны сынға алған Мемлекет басшысы қарапайым халықтың жалақысы мен зейнетақысын құрғақ статистика жүзінде көтеріп қана қоймай, инфляция деңгейін тұрақтандыруды тапсырды. Бастысы елдің табысы экономикамен қатар өсуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біз үнемі жалақы мен зейнетақыны көтеріп келдік, бірақ әрдайым бағаның бақылаусыз өсуіне тап боламыз. Жыл сайын жоғары инфляция біздің экономикамыздың басты проблемасы болып қала береді. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қойып, бағалар мен халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыратын кез келді. Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс қажет. Мақсатты дәліз 2025 жылға қарай 3-4% болуы тиіс. Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, инфляцияны бақылау жөнінде шаралар кешенін әзірлеуі қажет. Ол импортқа тәуелділікті, артық делдалдықты азайту және ақша-кредит саясатының құралдарын қамтуы керек. Тағы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Үкіметке 2 ай ішінде халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарлама қабылдауды тапсырамын. Жалпы шенеуніктердің азаматтармен диалогының тиімділігі әлі де төмен. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен қарым-қатынас жасауды білмейді, кейде қорқады. Үкімет мүшелері өңірлерге тұрақты түрде баруы тиіс, ал облыс әкімдері әрбір елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуге міндетті.
Соңғы кезде ел болып бүлдіршіндердің еміне ақша жинап жүрміз. Көптеген әлеуметтік мәселелерді қазақстандықтар үкіметке жүгінбей-ақ, өздері шешіп жүр. Енді Президент тапсырмасымен елде әлеуметтік қоғамдық қоры құрылады. «Қазақстан халқына» деп аталатын қор денсаулық сақтау, білім беру мен әлеуметтік қолдау сынды мәселелерді шешумен айналысады. Бұл қорға қаржыны негізінен бизнес өкілдері міндетті түрде аударатын болады. Әсіресе Тұңғыш Президент - Елбасының кезінде байып, өз жағдайларын жасап алған кәсіпкерлер қазақстандықтармен бөлісетін кезі келді деп Президент Тоқаев қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек көрсету. Шынында да, көптеген отбасылар үшін емдеу шығындары өте ауыр. Тағы қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт нысандарын салатын боламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыны қорқынышты оқиғадан кейін қалпына келтіруге көмектесеміз. Осы қордың қаражатынан біз қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаймыз. Бұл тек жеке мысалдар. Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе қандай да бір басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл барлық қазақстандықтардың қоры, Халық қоры. Ол әкімшілік немесе Үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді байқау кеңесі құрылып, адал және жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғамға есеп беруді және бақылауды қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалардың барлығы сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылатын болады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарлануда. Бұл қорға лотерея қызметі операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдары жіберілетін болады. Әрине, біз бұл қорға ірі бизнес тарапынан айтарлықтай және тұрақты түрде аударымдарды күтетін боламыз.
Алдағы 5 жылда депутаттар, әкімдер мен министрлердің жалақысы артпайды. Бұған Президент Тоқаев бүгін мораторий жариялау керектігін айтты. Себебі бұл аталған тұлғалардың қазіргі айлығы күнін көруге әбден жеткілікті. Мәселен, облыс әкімдерінің ең төменгі жалақысы 1 млн теңгенің төңірегінде болса, ең жоғарғысы 2 млн-ға жуықтайды. Ал халықтың мүддесін қорғайтын депутаттар ай сайын 1,5 млн теңгеден астам табыс табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылдың соңында қоғамда бұл мәселе қызу талқыланған. Менің ойымша, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері мен депутаттардың жалақысы қазір тиісті деңгейде. Сондықтан аталған лауазымдағы тұлғалардың жалақысын өсіруге 5 жылға мораторий жариялау керек. Бұл Мәжіліс депутаттары үшін жағымсыз жаңалық екенін түсінемін. Мұны сіздер түсінетін шығарсыздар. Экономика өсіміне байланысты әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің, бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтереміз.
Бүгін Президент елдегі таныс-тамырлық арқылы жүзеге асып отырған мәселелерді де көтерді. Қазір мемлекеттік қолдаудың өзі бәріне бірдей қолжетімді емес. Әрі төмен тиімділік көрсетіп отыр. Басты себеп –қалыптасқан жүйе негізінен «достарға бәрі, қалғандарына заң аясында» қағидаты бойынша ірі құрылымдарға қызмет көрсетуге бағытталған – дейді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде бұл жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тежейтін және реформаларға кедергі келтіретін ерекше артықшылықтарға ие. Мысалы, Қазақстанның Даму Банкі, шын мәнінде қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарын ұсынатын таңдаулы тұлғалар тобы үшін жеке банкке айналды. Біз бәрін аты - жөнімен білеміз. Жоғары кабинеттерге қолжетімділікті пайдалана отырып, олар өз жобаларын іске асыру үшін өздеріне тиімді жағдайларға қол жеткізе алады. Бұл жобаларға мемлекеттік ресурстар пайдаланылады. Ал оны шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін тартуға болады. Үкіметке Қазақстанның Даму Банкі қызметін қайта құру тапсырылады. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну рәсімдері де ашық емес, тиімсіз болып қалуда. Бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қараған жөн. Бұл ашық және түсінікті механизмдер болуы керек. Өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аудару керек.
Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуы тиіс. Қазір Қазақстанда бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты жағдайға айналған. Ал мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Бұған көңілі толмған Президент жауптыларға мемлекеттік сатып алуда тазалауды жүргізіп, баға саясатында жүйелі реформаларды қабылдау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан «картельді келісімдер жасасты» деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын. Келесі мәселе. Жылдан жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағар май өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағар май бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағар май бағасын реттеу жүйесі сақталады.
Еліміздің ұлттық әл-ауқат қоры – «Самұрық-Қазына». Негізгі міндеті – Қазақстанның байлығыны еселеу. Бүгінде қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60% жуықтайды. Ал қызметкерлері қомақты жалақы алатының ешкімге жасырын емес және жаңалық та емес. Ал бүгінде бұл қор өзінің негізігі міндеттерін атқарып отырғандығына Қасым-Жомарт Тоқаев күмәнмен қарады. Сондықтан Үкіметке реформалау жөнінде тиісті тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың КЕГОК, «Қазақгаз» және «Қазақстан темір жолы» сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн.
Сондай-ақ Президент жемқорлықтың нышанына айналған ЛРТ-ға да ерекше тоқталды. Бүгінде бұл сақалды құрылыс елордалықтардың көзіне жауыр болып отыр. Жоба әу баста-ақ қате болғандығын айтқан Мемлекет басшысы оның алдағы тағдырын шешуді міндетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қарапайым инфрақұрылымдық жобадан ол елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында көлемді келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Жоба бастапқыда қате болды, оны мойындау керек. Өйткені бұл жобадан сыбайлас жемқорлықтың күшті иісі мүңкіп тұр. Енді оңтайлы шешім қабылдауымыз керек. Себебі құрылысты бұзу уақыт пен ақшаны босқа шашуды талап етеді. Бізде бұл жобаны пайдаланудың тиімді нұсқаларын айқындайтын отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді тартудың басқа амалы жоқ.
Риат Шони, тілші:
- Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа Премьер-Министріне 3 аптаның ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жоба ақпан айында өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында жіті қаралатын болады. Тағы Мемлекет басшысы қиын күндер артта қалғандығын алға тартып, осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Авторлары: Риат Шони, Алмас Омарғалиев, Дулат Ентебеков