Премьер-Министр алғашқы Үкімет отырысын өткізді
Оның ішінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды міндеттеді. Дәлірек айтқанда, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және өзге де жауапты ведомстволармен бірлесіп, бір ай уақыт ішінде өңдеу өнеркәсібі саласының талдау деректері негізінде бәсекеге қабілетті жобалар пулын дайындауы қажет. Ал «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын реттеу үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау агенттігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына нақты ұсыныс енгізу керек. Үкімет отырысында утилизациялық алым мәселесін реттеу 3 министрлікке жүктелді. Бұл жұмыспен осы күнге дейін айналысып келген «РОП Операторы» кәсіпорны жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі баяндама жасады.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін утилизациялық алымнан «РОП Операторы» ЖШС түскен қаржы көлемі 691,9 млрд теңгені құрады. Бұл ақша Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмсалады. Атап айтқанда, отандық автоөндірушілерге 338,9 млрд теңге утилизациялық төлем түрінде қайтарылды, 102 млрд теңге экологиялық мәселелерді шешуге және 49,1 млрд теңге салық салуға бағытталды. Бүгінгі таңда қаражат қалдығы екінші деңгейлі банктерде жатыр. Ол 220,6 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов Қазақстанның Қарулы күштер мен барлау құрылымдарын реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ол үшін ҚР Қорғаныс министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, арнайы бөлімшелердегі әскери қызметшілердің табысын арттыру, әскерді көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселесін пысықтауы тиіс. Сонымен қатар Үкімет басшысы Қауіпсіздік кеңесі аппаратының алдағы отырысында елдің қорғаныс қабілеті талқыланатынын еске салды. Сондықтан жауапты ведомство мүдделі органдармен бірлесіп, Қарулы күштер мен барлау құрылымдарын реформалау, әскердің қорғаныс қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеп, Қауіпсіздік кеңесі аппаратының жақын арадағы отырысына енгізуі тиіс.