Қ. Тоқаев: бізде көзбояушылық көп
Осы аралықта министрлер басқа мемлекетке заңсыз жолмен шығарылған ақшаны қайтару жөнінде ұсыныс әзірлеуі керек.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын орда» базарын ретке келтіруді тапсырып: «Қажет болса құқық қорғау органдарын да жұмылдырыңдар», - деді. Сонымен қатар көзбояушылыққа жол бермеу керек екенін бірнеше мәрте ескертті.
Маңғыстау мен митинг егіз ұғымға айналып кеткендей. Батыс әлі басылар емес. Мына видео әлеуметтік желіде кеше ғана тарады. «МАЭК-Казатомпром» компаниясының қызметкерлері жалақысын көтеруді сұрап отыр.
Президент Нұрлан Ноғаевқа мұқият бол деп ескертті. Себебі халықпен санаспаудың соңы неге алып келетінін біздің билік енді біледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жұмысшылардың барлық талабын мұқият қарау керек. Олардың заңды құқықтары мен мүдделері сақталуы тиіс. Кәсіподақ жетекшілері мен жұмысшылары шеруге шығып жатқан компаниялармен сындарлы диалог орнату қажет. Қабылданған шешімдердің барлығын қарапайым жұмысшыларға дұрыстап түсіндіру керек.
Бұл – жаңа Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысы. Оның жасақталғанына енді үш күннен соң бір ай толады. Сындарлы кезеңде Үкіметті тізгіндеген Смайыловтың командасына 108 тапсырма жүктелген, «Соның 44-і орындадық», - деп есеп берді Президентке Премьер-министр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұған қоса 32 тапсырманың орындалуы аяқталуға жақын. Оның ішінде, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын және Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша нақты жұмыстар атқарылады.
Күн тәртібінен жуық жылдары түспейтін тақырып – қазақстандықтардың табысы туралы. 1 млн жуық қазақстандықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Яғни 36 мың теңге. Мұны Президенттің өзі айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс.
Көпірме есепті енді ел де көтермейді. Экономист Мақсат Халық ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеру туралы үнемі айтып келеді. Бірақ осыған дейін оны естімей келген Үкімет арнайы шақыртып, ұйып тыңдапты. Мұны экономист жақсылыққа жорып отыр.
Мақсат Халық, экономист:
- Осы әлеуметтік мәселелерге байланысты өз ұсынысымды айттым көп. Егер сол ұсыныстар күшіне еніп, нақты бір мәселелерді шешуге бағытталып жатса, онда үміт бар деп айтушы едім. Бірақ уақыт көрсетеді. Бір үміт бар.
Бірақ сол үміт бағаның бағамына келгенде үзіліп кететіндей көрінеді. Тіпті базардың бағасы да қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып тұр. Бұл – Алматы. «Алтын Орда» базарының маңы.
Саудадағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді деген Қасым-Жомарт Тоқаев базарда тәртіп орнатуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз «майшелпекке» айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау орган өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін.
Алда көктем. Демек, мал өріске шығады, жайылымдық жердің жетіспеушілігі тағы айтылады. Бос жатқан жерді тұрғындарға беру тапсырмасын Ауыл шаруашылығы министрлігі орындаған, бірақ тек қағаз жүзінде... Өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де барын Президент біліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 млн гектарға немесе 32% азайды деп мәлімет беріп отыр. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймаған. Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылым жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайды. Одан бөлек аймақтар халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет бұған неге көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын.
Жер, су, электр энергиясы. Президент климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің саясатын ескере отырып жаңа су кодексін әзірлеуді тапсырды. Ал энергия мәселесінде Президент өз ұстанымынан айнымайтын секілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен жауапты тұлғалардың атом электр стансасының құрылысы туралы сұраққа дипломатиялық жолмен жауап беруден неге жалтарып жатқанын түсінбеймін. Ашығын айту керек, таза атом энергиясынсыз біз инвестицияны айтпағанда, бүкіл экономикамыздан, аймақтық көшбасшылықтан айырыламыз. Бізге электр энергиясы, оның ішінде таза атом электр энергиясы өте қажет. Экономикалық ахуалды түсінбейтін популистердің жетегінде кетуге болмайды. Атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажет.
10 күн, екі ай. Президент Үкімет шешуі тиіс мәселенің мерзімін де өзі нақтылап отырды. Мысалы, кедендегі былықты шешу үшін Үкіметтің он күн уақыты бар. Ал шетелге заңсыз кеткен қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қалай қайтару қажет? Президент ойлануға 2 ай мұрсат берді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Кеңейтілген отырыс деп аталғанмен, көсіліп отырар кез емес қазір. Сондықтан Президент баяндамаларды да «қысқа да нұсқа» жасауды ескерткен. Бірақ бәрібір жиын 3 сағатқа созылды. Көп мәселені Президенттің тағы да өзі айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында «көзбояушылық» деген сөзді жиі қайталады. Соған қарағанда халықтың сеніміне ие болып үлгермеген Үкіметке, ең алдымен, Президенттің сенімін селдіретіп алмау үшін күш жұмылдыра түсуге тура келетін секілді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Сәдуақасов, Алмас Омарғалиев, Азамат Сәметов