23 жыл тарихы бар елдегі билік партиясының атауы өзгертілді
Партияның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сьезде жаңа партияның қандай болуы керектігін айтып берді. Президенттің пайымынша, партия популизмге жол бермеуі керек. Себебі, көзбояушылық пен қағазбастылық осы екеуі кез келген саяси жүйеге кесірін тигізеді.
Бірінші наурыз. Билік партиясы үшін символдық мәні бар күн. Осыдан тура 23 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Отан», кейін Nur Otan осы көктеммен бірге қайта жаңармақ, жаңғырмақ. Жаңа төраға, жаңа атау. Nur Otan енді «Аманат».
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек.
«Аманатқа қиянат жасама», – дейді қазақ. Ұлттың осы ұстанымы енді саяси ұйымның басты қағидатына айналмақ. Ескі партиямен жаңа Қазақстанды құру мүмкін бе? Пікір көп. Бүгін өзін партиядағы 15 жылдық мүшелігін алға тартып, өзін ардагер деп таныстырған Саясат Нұрбектің ойынша, бізде бәрі мүмкін.
Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгін көптеген пікір айтылуда. Тіпті «партияны тарату керек» деген жаман-жаман, түрлі пікірлер айтылады. Біз енді қанша оқыдық, тоқыдық. Менің кәсібім – саясаттанушы, саясаттанушы ретінде айтарым мемлекеттік жүйе, саяси жүйесінің негізгі элементі, негізгі тұтқасы – саяси партиясы болып табылады, қадірлі ағайын.
Партияның аты өзгерді, ал заты қалай өзгереді? Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның төрағасы ретінде жаңғырудың бірнеше жолын айтты. Өткен бір айда жүргізілген зерттеу партияның жұмысында орасан олқылықтардың бар екенін көрсетті. Соның бірі – бюрократизм, яғни қазақы қағазбастылық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс.
Президенттің пайымынша, мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Қоғамдағы қызу тақырып әлеуметтік желіде емес, депутаттармен парламент қабырғасында талқылануға тиіс. Әйтпесе, біздің депутаттар үкіметке сауал жаудырады, жауыр жауап алынады. Сонымен, іс бітті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет.
Алда аудан әкімдерінің сайлауы, сондықтан билік партиясы белсенді болуға тиіс. Жалпы партия төрағасының ойынша, сапалы саясаткерлер мен күшті кадрлер осы «Аманаттың» арасынан шығуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет.
Жұмыс көп, уақыт тығыз. Партия Төрағасы орталық аппаратқа арнайы топ құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Оның ойынша, міндет түрлі болғанмен, мүдде жалғыз-ақ, партия атына, заты сай болуға тиіс.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев