Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарына жаңа әкімдер тағайындалды
Соңғы 2 жыл бойы Жамбыл облысын басқарып келген Бердібек Сапарбаев лауазымынан босатылып, орнына орынбасары Нұржан Нұржігітов отырды.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу өңірге жұмыс сапарымен арнайы келіп, аймақ активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды.
Үкімет басшысы жаңа әкімге облыста қордаланып қалған мәселелерді шешуді тапсырды. Оның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытып, жаңа жұмыс орындарын құру, бизнесті қолдау қажеттігі айтылды.
Гүлшара Әбдіқалықова да Қызылорда облысы әкімінің орынтағын босатты. Ол да облысты тура 2 жыл басқарды.
Ал өңірдің жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың есімі жергілікті халыққа жақын таныс, өйткені ол бұған дейін Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарған болатын. Соңғы жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімін басқарды.
Әлихан Смайылов жаңа әкімнің мемлекеттік қызметтегі осы тәжірибелерін жоғары бағалап, алдағы жұмысына сенім білдірді.
Сондай-ақ Атырау облысына да жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымын атқарып келген Серік Шәпкенов келді. Ол да – өңір халқына жақын таныс лауазымды тұлғалардың бірі. 2016-2018 жылдары Атырау қаласының әкімі болып қызмет етсе, 2018-2020 жылдары облыс әкімінің орынбасары болды.
Президент баспасөз қызметінің таратқан ақпараты бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қызметінен босаған барлық әкімге алғыс білдірді.