Үкімет ұлттық қорға тағы қол салды
Биылғы бюджеттің де шығысы 2,7 трлн теңгеге ұлғаймақ. Мәжіліс депутаттары «үнемшіл емес» деп Үкіметті сынаса да, министрлер әкелген құжаттарды бірауыздан мақұлдап берді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Ұлттық қордың қаржысын қиын-қыстау сәтте жұмсауға болады. Қор сол үшін де құрылған. Әуелі пандемия дедік, енді міне, геосаяси ахуал, оның үстіне Президент жүктеген жаңа міндеттер бар. Осыны айтып, Үкімет тағы ақша сұрап отыр. Ешкімнің бетін қайтармайтын біздің момын Мәжіліс бұл жолы да Үкіметтің қолын қаққан жоқ.
Ерлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Біз қаражатты трансферт ретінде ұлттық қордан бюджетке алуға мәжбүрміз. Бұл қаражаттың барлығын өңірлерді дамытуға, құрылымдық күшті арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға алып отырмыз.
Біздің бюджет құбылмалы. 2022 жылдың төрт айын түгесіп тастасақ та, орта жолда оның шығысы тағы да ұлғаятын болды. 2,7 трлн теңгеге. Осылайша, экономиканың нақты секторына қосымша 1,3 трлн теңге, әлеуметтік блоктың шығыстарына 581 млрд теңге, ал күштік құрылымдарға тағы 446 млрд теңге бөлінбек. «Біздің Үкімет үнемшіл емес», – деп мін айтты мәжілісмендер. Мысалы, халықаралық көрмеге қатысуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 800 млн теңге жұмсамақ.
Юрий Ли, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Иннопром» халықаралық көрмесіне қатысуға және ақпараттық-талдау және консультациялық қызметтерге 800 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Ал Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-талдамалық және консалтингтік қызметтерге 394 млн теңге жұмсамақ.
Есесіне биыл 4 млрд теңге Қорғаныс министрлігінің қалтасында қалады. Қазақстан осыған дейін 7 мамырда өтетін әскери шеруге осынша шығындалып келген. «Айтпақшы, биыл елдің Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл, мерейтойдан да маңызды міндеттер бар», – дейді Руслан Жақсылықов.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Қазір Қазақстан Қарулы күштерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы керек. Олардың ішінде жанар-жағармаймен қамту, іссапар шығындары, жеке құрамның тамақтануы секілді мәселелер де бар. Біз шеруден гөрі оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру маңызды деп санаймыз.
Құжаттар мақұлданды, жоғары палатаға жолданады. Мәжіліс спикерінің сөзінше, бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуы әрбір депутаттың жауапкершілігінде.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бөлінетін қаржы Мемлекет басшысының тапсырмасын және Жолдауында жариялаған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір ғана мысал, осы өңірлердегі ауызсу, жол, тұрғын үй сияқты қордаланған мәселелерге бюджеттен 476 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың нәтижелі әрі тиімді жұмсалуын қадағалау – депутаттардың басты міндеті. Бүгін бірқатар депутат тарапынан Үкімет мүшелеріне сын-ескертпелер айтылды, министрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасауға тиіс.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Ұлттық қорда қанша қаржы бар? Ұлттық экономика министрі 55-56 млрд АҚШ доллары қалғанын айтады. «Егер мынадай қарқынмен кертіп емес, кесіп жей берсек, оның түбі көрінер күн алыс емес», – дейді экономистер. Депутаттар да Үкіметке тарта жесең, тай қалатынын жұқалап жеткізгендей болды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев