Закиржан Кузиев ҚХА атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды
Жыл басында денсаулығына байланысты мандатын өз еркімен тапсырған Владимир Тохтасуновтың орнына Закиржан Кузиев келді. Мәжілісте босаған орынға Қазақстан халқы Ассамблеясы екі үміткерді ұсынған болатын. Закиржан Кузиев сайлаушылардың басым бөлігінің дауысын иеленіп жеңіске жетті. Саяси шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып дауыс берді. Содан кейін депутаттыққа үміткерлердің сенімді өкілдерімен әңгімелесті.
Ассамблея депутаттарын сайлау соңғы рет өткізіліп отыр. Өйткені Конституцияға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта олардың мандаты Мәжілістен Сенатқа ауыстырылады, саны 9-дан 5-ке дейін қысқарады.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Алдағы уақытта Сенатқа тікелей сайлау болмайды. Ассамблея Президентке үміткерлерді ұсынады. Президент шешім қабылдап, 5 адамды Сенатқа тағайындайды. Мәжіліске Ассамблеядан депутаттар сайланбайды.
Элина Паули, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
- Ассамблея депутаттары барлық салаға өз үлесін қосады. Себебі біреуі қоғамдық жұмыспен, біреуі ауыл шаруашылығымен айналысады. Жаңа депутаттан жаңа идеялар күтеміз.
ҚХА: орынбасарлар өзгерді
Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Бұл лауазымды Наталья Дементьева және Тауфик Каримов атқаратын болады. Ал Майя Бекбаева мен Закиржан Кузиев қызметтерінен босатылды.