Мемлекет басшысы ҰҚШҰ саммитіне қатысты
Биыл осынау бірлестіктің құрылғанына 20 жыл. Мәскеуде мерейтойлық саммит өтті. Алқалы жиынға Владимир Путин мен ұйымның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның арнайы шақыруымен Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа 1992 жылдың мамырында Ташкентте қол қойылған. Араға он жыл салып, яғни 2002 жылы ұйым жұмысын бастады. Биыл шарттың бекігеніне 30, ал бірлестіктің құрылғанына 20 жыл. Осы күні ұйымға Қазақстанды қоса алғанда алты мемлекет мүше. Сол алтылықтың басшылары мерейтойға орай Мәскеуде бас қосты.
Төңіректі төнетін түрлі қатерден қорғау үшін осы ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы құрылған. Басты мақсат – құрылымға мүше елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастыған бірлесіп қорғау. Мерейтойлық саммите сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдар ішінде ұйым көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті. Бірлестіктің тұрақты жұмыс органдары табысты қызмет атқарып келеді. Түрлі форматта тығыз ынтымақтастық бар. Президенттің бұл сөзін Ресей басшысы да қуаттай түсті.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Өткен жылдар ішінде толыққанды халықаралық құрылымға айналған ұйым алдағы уақытта да дами береді деп сенемін. 1992 және 2002 жылдар қиын кезеңдердің бірі болғанын атап өткім келеді. Бірақ біздің құрылым посткеңестік кеңістікте өте маңызды саналады. Кез келген жағдайды тұрақтандыру рөліне ие. Оның мүмкіндіктері мен жауапкершілігі алдағы уақытта арта түседі деп сенемін.
Халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымы мен көші-қонға ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының берген тойтарысы аз емес. Ауғандағы ахуал да құрылымның айрықша бақылауында. Ал мұны әсте назардан тыс қалдыруға болмас. Оның үстіне жағдай әлі де тұрақсыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы барлық қауіп-қатерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзін қырғыз басшысы да қолдады. «Ауған жеріндегі ахуалдың өршуінен сақтану керек», – деді. Хош. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қазір мол мүмкіндікке ие. Сондықтан құрылымның бітімгершілік күшінің әлеуетін нығайтпақ керек. Қасым-Жомарт Тоқаев: «бұл – өзекті міндет», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ойымызша, қазірдің өзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады. Ұйымның «тұрақтылық» деген ортақ мүдде төңірігенде нәтижелі жұмыс істей береріне тілектестік білдірді. Бірлестік сын сағатта сыр бермеу керек.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Алмас Омарғалиев