Президент отандық бизнес өкілдерін Ақордаға жинады
Жалпы билік пен бизнесің мұндай кездесуі дәстүрге айналып келеді. Қос тарап осыдан тура төрт ай бұрын кездескен. Бұл жолы отандық бизнес өкілдерін Президент өз резиденциясына жинады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 4 ай деген аса көп уақыт емес. Бірақ осы аралықта ел ішінде және әлемде талай нәрсе өзгерді. Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Ата заңымызға өзгерістер енгізіледі. Біз Екінші республика мемлекеттік басқаруға көшеміз. Түптеп келгенде, келешегіміз экономиканың мықты болуына байланысты. Осы орайда кәсіпкерлеріміз мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек. Жалпы жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органның есебі жеткіліксіз. Сіздердің ойларыңыз маңызды.
«Бізге мықты әрі жауапты бизнес керек», - дейді Президент. Дей тұра бизнес барысына мемлекеттің қатысуы азаймай тұр. Мысалы, кәсіпкер жер алайын десе, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қатысуымен инвестициялық жобаларды бірге іске асыруға мәжбүр. Президент бизнеске жер телімін беруді жеңілдетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы жиналғандарға жеті мәселені атап-атап көрсетті. Оның ішінде рейдерлікпен күрес, сот жүйесінің әділдігі, дағдарыстан шығынсыз шығу жолдары да айтылды. Жиын барысында Президент бизнесмендерді Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Президенттің пайымынша, бұл бос ұран емес. Кәсіпкерлердің бұл іске қатысуы өте маңызды.
Президент айтқан жеті мәселенің бірі – құқық қорғау органдарының бизнеске деген қысымын азайту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір құқық қорғау органдарының жұмысында кемшілік бар екенін білемін. Тәртіп орнату барысында олар ескіше жұмыс істеп, былайша айтқанда, «тәуір бизнеспен» айналысады. Сондықтан бұл жерде «орман кескенде ағаш шапсаң, жаңқасы ұшады» деген қағидаға жол берілмейтінін ашық мәлімдеймін. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнестің жұмысына заңсыз кедергі жасауды мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс деп санау керек екенін айттым. Бұл – бас прокуратураның жұмысы. Алаяқтармен, қайталап айтамын, тап сол алаяқтармен, айлакерлермен күресу керек.