Қ. Тоқаев Бішкекте ҚазҰУ филиалын ашады
Оны Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға жасайтын ресми сапары барысында өзі ашады. Жалпы Мемлекет басшысының бұл сапарын қос тарап та тағатсыздана күтіп отыр. Себебі «қазақ-қырғыз бір туған» деп айтқанмен, екі ел арасында шешілмеген мәселелер бар.
90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық университетінің Бішкектегі филиалын ашу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз шешімі болатын. Қырғызстанға 2019 жылы жасаған мемлекеттік сапары аясында айтылған сөз осылайша орындалды. Бұған дейін қырғызстандық студенттер Қазақ ұлттық университетін Алматыға барып оқитын, енді Бішкектен шықпай-ақ диплом ала алады. Жаңа оқу жылында мыңға тарта қырғызстандық студентті қабылдау жоспары тұр. Айта өту керек, бұл Қазақ ұлттық университетінің өзге елдегі екінші филиалы, біріншісі осы мамырда Ыстамбұлда ашылған.
Арслан Мехмет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры:
- Біздің университет түркі және ислам әлемінің үздігіне айналып келеді. Ташкент пен Мысыр мемлекетінен, Иордания мен Армениядан филиал ашуға ұсыныс түсті. Жоғары білім саласында QS рейтингі бар, әлемнің ең үздік 200 университетінде 175-орында тұрмыз. Рейтингке Малайзиядан бір ғана университет, Түркия елінен бір де бір оқу орны ілінбегенін ескерсек, бұл – біздегі білім сапасына берілген ең жоғары баға».
«Адамның жақсы болуы өнер-білімінде», - дейді Абай. Ал Абайды қырғыз халқы аз білмейді. Оқиды, құрметтейді. Сол құрметтің нышаны Бішкекте ашылатын Абайдың еңселі ескерткіші болмақ. Қазақстан Президентінің ресми сапары барысында ашылады.
Азамат Жаманқұлов, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі:
- Бұл нені білдіреді? Абайдың айтқан ойлары, Абайдың шығармалары Қырғызстанда жақсы тарала бастады. Былтыр Абай жылына орай көптеген іс шара өткіздік. Абайдың қырғыз тілінде кітаптары шықты. Қазір университеттерде, мектептерде Абай оқулары, конференциялары өтіп жатыр. Яғни Абайды қырғыз оқып жатқан мезгіл. Абайдың дүниесін қырғыз ашып жатқан мезгіл. Сондықтан ескерткіштің ашылуы Абайдың Қырғызстандағы екінші өмірі басталады деген сөз.
Енді сапардың саяси-экономикалық салмағына келсек. Президенттер ертең шағын құрамда кездеседі, сосын кеңейтілген форматта отырып, сауда, инвестициялық қатынастарды талқылайды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы, қазақстандық тараптың мәліметі бойынша, 970 млн доллар. Ал қырғыз тарапы 1 млрд доллардан асырдық деп отыр. Әйткенмен де экономист сарапшылар бұл статистиканы тіпті еселеп өсіруге болатынын айтады.
Эльдар Абакиров, экономист:
- Потенциал өте жоғары. Тауар айналымын екі млрд долларға дейін жеткізуге болады. Су және жүк тасу мәселелерін шешу керек. Ол үшін барынша ашық сөйлесіп, коррупцияны жоққа шығарып, мәмілеге өту қажет.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Мәмілеге келер мәселе аз емес. Соның бірі – шекарадан кіріп-шығу мәселесі. Кәсіпкерлердің, қарапайым халықтың да кедендегі кедергілер азайса деген тілегі бар. Бұл ретте қазақ-қырғыз шекарасында тағы бір сауда-логистикалық орталық салынбақ. Президенттер оның құрылысын бастауға ресми түрде рұқсат бермек. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров «Ала-Арча» резиденциясынан Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы