Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын екі есе арттыруды көздеп отыр
Күні бойы президенттер қос тарап үшін маңызды мәселелерді талқылады, ұсыныс айтты, келісімге келді. Сонымен, қазақ-қырғыз қатынасында не өзгереді? Барыс-келіс жеңілдейді, алыс-беріс көбейеді. Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд АҚШ доллардан екі есе арттыруды көздейді. Су, энергетика саласындағы серіктестікке тағы бір ортақ жоба келіп қосылды. Қазақстандық инвесторлар Ыстықкөлде күн энергиясы станциясын салатын болады.
Қанық қызыл түс, сары түндік. Қырғыздар өз байрағының түсін де әйгілі Манас жырымен байланыстырады. Қызыл түс – қуаттың, ашықтықтың белгісі деседі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарға қызыл түсті галстук тағып келуін қарапайым сәйкестік деп қабылдасақ та, қазақ-қырғыз қатынасының қазіргі қарқынына жаңа қуат керек, ашықтық та артық етпейді. Қос президенттің қимылы ширақ. «Ала-Арча» резиденциясына асыға бет алды, себебі көршілер келісімін күтіп отырған мәселе көп.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Президенттер залда шағын форматта кездесіп жатыр. Содан соң, келесі залда кеңейтілген форматта келіссөздер жүргізеді. Айта кеткен жөн, Садыр Жапаров Ала-Арчаның иесі атанғалы мұндай жоғары деңгейдегі мейманды алғаш қабылдап отыр. Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев – Садыр Жапаров Қырғыз басшысы болғалы ресми сапармен келген алғашқы Мемлекет басшысы.
Бұған дейін қос президент елордада Садыр Жапаров жасаған мемлекеттік сапарда Ақордада кездескен. Саяси қарым-қатынаста қарымта жауап берер сәт, оның үстіне бұл сапар екі ел үшін символдық мәні бар сәтте өтіп отыр. Биыл – қазақ-қырғыз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанынан 30 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қырғызстан – біз үшін құдай қосқан көршіміз. Ең жақын одақтасымыз. Шын мәнінде біз – ауылдарымыз аралас, қойларымыз қоралас жатқан бауырлас халықтармыз. Сондықтан біз қашан да бір-бірімізге тілектеспіз.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Бүгінде біздің өлкелер арасында ешқандай аймақтық аластар, саяси қарама-қайшылықтар жоқ. Өзара түсінуге және қолдауға негізделген әр тарапты қызметтестігіміз күннен-күнге тереңдеп жатады десек жаңылыспаймыз. Әлбетте түрлі тармақтарда әртүрлі мәселелер шығып, оларды түрлі деңгейде талқылап, бірге шешіп жатамыз.
Осындай кеңейтілген отырыстар – сол түрлі мәселелерді ең жоғары деңгейде талқылауға тамаша мүмкіндік. Мысалы, осы отырыста көптен бері көршілерді алаңдатып келген шекарадағы үлкен көліктердің кептелісі де айтылды. Жүк таситын көліктер шекараны кесіп өту үшін сағаттап, тәуліктеп тұруға бар.
Қазақ-қырғыз шекарасында осындай жеті өткізу пункті бар. Соның үшеуі жүк көліктерін өткізеді. Ең жиі көлік кептелісі осы «Қарасу-Ақтілек» бекетінде болып тұрады. Қазақ-қырғыз тарапы дәл осы жерде сауда-логистикалық орталық салуға келісті.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:
- Екі елдің арасындағы көкөніс, жеміс-жидектер осы жерде өңделіп, жасалады да әрі қарай экспортқа жіберіледі. Мұқнымен қоса, қайтып алып келе аламыз. Бұл – маусымаралық мезгілде өте маңызды мәселе. Үш жылдың арасында бітіріп, шешіп береміз.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев қос елдің үкіметіне шекаралық рәсімдерге цифрлық технологияны ендіруге кеңес берді. Біріншіден, кептеліс болмайды, тауар тасымалы көбейеді, елдер арасында сауда айналымы артады. Ол былтыр 1 млрд долларға жеткен, ендігі меже – 2 млрд АҚШ доллары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондай-ақ азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр Қордай бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою.
Екі ел үшін тағы бір сезімтал тақырып бар. Трансшекаралық өзендер мәселесі. Бүгін президенттер ортақ мәміле жасап, су, энергетика саласында бірлескен жобаларды қолға аламыз деп келісті. Қырғызстандағы Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.
Эльдар Абакиров, экономист:
- Бізде қыста жарық проблемасы бар. Қазақстанға мамыр, маусым, шілде айларында су керек. Өйткені Оңтүстік Қазақстанға толық суғару керек. Сондықтан Қырғызстан жарық мәселесін шеше алса, онда Қазақстанға уақытында су беруге мүмкіндік болады. Ол үшін Қазақстанға Қамбар Ата ГРЭС-ін салу керек. Өйткені бізде су сақтағыш жиырма млрд кубқа дейін Тоқтағұл ГРЭС-і тұрады. Ол Қырғызстанға да, Тәжікстанға да, Өзбекстанға, Қазақстанға да жетеді.
Бүгін тараптар оннан астам құжатқа қол қойды. Оның ішінде осы су, энергетика саласына қатысты құжат та бар. Қазақстандық инвесторлар Ыстықкөлде қуаты 300 мегаваттық күн электр станциясын салмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік.
Президенттер ресми кездесудің ресми бөлігін журналистерге брифинг беріп аяқтады. Ең бастысы ынта бар, ынтымақтастық болады. Оның үстіне бұл сапарды Президент ел үшін аса маңызды саяси ауқымды шара, жалпыхалықтық референдум қарсаңында жасап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру.
Қазақстан мен Қырғызстан басшылары сондай-ақ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына онлайн режимінде қатысты. Негізі бұл отырыс Бішкекте осы күндері офлайн форматта өтуі керек еді. Бірақ халықаралық жағдайды ескере отырып, онлайн форматқа ауыстырылатыны хабарланды. Сондықтан бұл форумда Садыр Жапаровтың жалғыз қонағы да Қазақстан Президенті болды. Қазақ пен қырғыз басшысының кездесуі ресми шарамен аяқталуы мүмкін де емес еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың ескерткіші мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашып берді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев