Қ. Тоқаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Збигнев Рауды қабылдады
Сондықтан Президенттің ойынша, оның бұл сапарының ұйымдық әрі мемлекетаралық маңызы зор. Тараптар ЕҚЫҰ аясындағы әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттағы бірлескен жұмыстарды талқылады. Ал әңгіме ауаны Қазақстан мен Польша қарым-қатынасына келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев Польшаны Орталық Еуропа аймағындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 12% артқан. Ал Збигнев Рау Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалайтынын айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің ойымша, сіздің сапарыңыздың маңызы зор. Бұл – екіжақты ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселені талқылауға керемет мүмкіндік. Өзіңіз білетіндей, 5 маусымда елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтыруылар енгізу жөнінде референдум өтеді. Бұл – өте маңызды шара. Қазақстанда демократияны ілгерілету жұмыстары үздіксіз жалғаса береді. Польша Қазақстанның сенімді серіктесі екенін тағы бір рет атап өткім келеді. Орталық Еуропадағы ең маңызды серіктесі деуге болады. Кейінгі жылы елдер арасындағы сауда айналымы 12% артып, 760 миллион долларға жетті. Бұл үрдіс жалғасады деп ойлаймын. Бұған барлық мүмкіндік бар.
Збигнев Рау, ЕҚЫҰ төрағасы, Польшаның Сыртқы істер министрі:
- Менің бағалауым бойынша алдағы референдум Конституцияға өзгерістер енгізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және нарықтық реформаларды ілгерілету жөніндегі Сіздің күш-жігеріңіз тұрғысынан үлкен серпіліс саналады. Алдағы референдум – оң өзгерістерге жол ашатын саяси ерік-жігердің айрықша белгісі. Сіздің еліңіздегі конституциялық реформалар демократия, бостандық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өткім келеді.