Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минді қабылдады
Қытайлық дипломат бұл қызметке осы жылдың 1 қаңтарында кіріскен болатын.
Қазақстан Президентінің ойынша, қазіргідей геосаяси ахуал күрделенген тұста Ұйым ерекше рөл атқарады. Тараптар Қазақстан мен осы ұйым арасындағы қарым-қатынасты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымын халықаралық аренадағы ең табысты ұйым деп бағалайтынын айта келе, Қазақстанның оның жұмысына белсенді қатысуға әзірлігін жеткізді. Өз кезегінде Чжан Мин Ұйымның әлеуетін арттыруға Қазақстанның қосқан үлесін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының белсенді мүшесі. Ұйымның Бішкекте өткен саммитінде сөйлеген сөзімде оның халықаралық аренадағы ұйымдардың ішіндегі ең табыстысы екенін атап өттім. Бұл ұйымның бір ерекшелігі оның күн тәртібінің бірегейлігінде. Ол халықаралық серіктестіктің барлық саладағы ауқымды мәселелерін қамтиды. ШЫҰ, шын мәнінде, қайшылық туғызатын ұйым емес. Оның қызметі конструктивтілікке, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл Ұйым халықаралық жағдайды жақсартуға зор үлес қосуды көздейді. Сондықтан Қазақстан ұйымның жұмысына белсенді қатыса береді және оның әлеуетін нығайтуға өзінің үлесін қосады.
Чжан Мин, ШЫҰ Бас хатшысы:
- Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстары мен Сіздің басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалаймын. Сіздің еліңіз Ұйымның әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.