Қаржы пирамидаларын құрғандарға қарсы заң күшейді
Тиімсіз жоспарлау салдарынан қаражаттың игерілмеуі фактілері де азаймай тұр. Мәжілістің жалпы отырысында есеп комитетінің төрағасы былтырғы бюджет бойынша баяндама жасады. Мәжілісмендер халықты қан қақсатқан қаржы пирамидаларын құрып, жарнамалайтындардың жазасын қатаңдататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Мемлекеттік органдар бюджетті берекелі игеруге икемделмей-ақ қойды. Биыл 413 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар тіркелген. Әйтсе де аз-кем өзгеріс бар. Егер 2020 жылы оның көлемі 600 млр теңгеге жуық болғанын ескерсек, биылғысы 27% аз. Ал жыл бойына зейнетақы секілді ағымдағы шығындарды өтеуге қаржы жетпейді. Оны Ұлттық қордан алуға тура келеді. Бұл, Есеп комитетінің төрайымы айтқандай, нонсенс!
Себебі дамыту бюджетінің қорында 1,2 трлн теңге бола тұра, Ұлттық қордың қаржысы жұмсалып жатыр. Есеп комитеті төрайымының айтуынша, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың 64% зейнетақы, жәрдемақы төлеуге, тіпті түрмелердің шығынын өтеуге бағытталған. «Бұл келеңсіздік тиімсіз жоспарлау кесірінен», - дейді Наталья Годунова.
Айтпақшы, бәз баяғы бір проблема, «пәленше процент игерілмей қапты» дегенге әбден құлағымыз үйреніп алды. Депутаттар бұл жолы игерілмеген қаржының 31% әлеуметтік блокқа қатысты деп алаңдап отыр.
Жәмила Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, білім және ғылым министрлігі 8,1 млрд теңге, Денсаулық сақтау министрлігі 7,4 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі 4,5 млрд теңге қаражатты игермеді. Бұл мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындамағанын білдіреді ме?
Әлеуметтік салаға бюджеттің 50% астамы бағытталғаны мәлім. Премьердің орынбасары 7,5 трлн теңгенің бар болғаны 21 млрд теңгесі ғана игерілмей қалғанын айтты. Оның өзінде пандемияның салдарынан.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Білім саласында қаржының игерілмеуі гранттардың қажет деңгейде бөлінбегенінен, шетелде оқитын студенттерге ақша қаралғанымен, пандемия салдарынан сол жаққа барып оқуға мүмкіндігі болмағанымен тікелей байланысты. Ал мәдениет саласында мердігердің құжаттарды уақытында тапсырмағанына байланысты болып отыр.
Бюджет қаржысының толық игерілмеуі салдарынан жағдайы нашар азаматтарға арналған үйлер де толық салынып бітпей қалған. Шамамен аумағы 130 мың шаршы метр баспана тұрғызылмаған.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Индустрия және инрфақүрлымдық даму министрлігі бойынша 24,5 млрд теңге қаражат игерілмеген. Бұл бір бөлмелі, екі бөлмелі пәтер деп есептесек, 3 мыңдай пәтер тұрғызылмаған деген сөз. Осы игерілмеген 24,5 млрд теңге үшін кімге қандай шара қолданылды?
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- 30 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды, 27 кәсіпкерлге айыппұл салынды және қалған кәсіпкерлермен келісімшарт бұзылды. Биыл ол үйлер толық бітеді.
Бюджеттен бөлек халықтың қаржылық сауатын көтермесе болмайды. Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?!
Жылдам әрі оп-оңай мол ақшаға қарық боламын деген 30 мыңнан астам қазақстандық былтыр 54 млрд теңгедей ақшасын қаржы пирамидаларына беріп тақырға отырған. Биылғы 5 айда 27 қылмыстық іс қозғалса, күдікті пирамида құрған 32 адамның басы істі болып, 14 жан оқшаулағышқа қамалған. Алданып, бар ақшасынан қағылған жандардың кейбірі тіпті өзін өртеуге барғанын да көрдік. Депутаттар қаржы пирамидаларының жолын кесу үшін тиісті заңды өздері әзірлеп, мақұлдады.
Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Блогерлер, вайнерлер жаппай қалың бұқараға қаржы пирамидаларын жарнамалағаны есімізде. Енді оларға жаза қатаңдатылып отыр. Осы өзгерістер оларға қаншалықты тоқтам болады?
Юрий Ли, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Танымал адамдар енді аса сақ болады деп ойлаймыз. Себебі олар жарнама жасағаны үшін 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Не болмаса 600 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Ал қаржы пирамидасын құрып, халықты сан соқтырғандардың жазасы 10-жалдан 12 жылға көбейтілмек. Бірақ бұл адам өлімі тіркелген жағдайда ғана. Жалпы осы алдап-арбап халықтан ақша жинау әлеуметтік желі арқылы жүргізіліп отырғанын білдеміз. Ішкі істер министрлігі жыл басынан 31 контентті жауып, 700-ге жуық сілтеменің бұғаттапты. Бірақ бұл да «ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қоямын» деген қасқырдай, халықты алдауын қоймаған алаяқтарға сабақ бол ма екен?!
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбын Құсанбеков