Президент БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммедті қабылдады
Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, пандемияға қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланды. Тараптар гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерге де ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Амина Мұхаммедке ілтипат білдіре отырып, лауазымды қызметке қайта сайлануымен құттықтады. Оның бұл сапары еліміздің тарихындағы бетбұрыс кезең жалпыұлттық референдум өткізумен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Сондай-ақ референдум қорытындылары Жаңа Қазақстанды құру ісіне кірісуге мүмкіндік беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көпжақтылық қағидаты мен халықаралық дипломатияны қалыптастырып дамытуда Біріккен ұлттар ұйымы ерекше рөл атқарады. Қазақстан осы ұйыммен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға бейілді. Біз ұйымның жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі күн тәртібін толық қолдаймыз.
Мемлекет басшысы қазіргі заманның күрделі сын-қатерлері жағдайында орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін кезек күттірмейтін және ауқымды шаралар қабылдаудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шешімдер туралы айтты.
Ал Амина Мұхаммед Президенттің тапсырмасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдайтынын жеткізді. Референдумның сәтті өтуімен құттықтады.
Амина Мұхаммед, БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары:
- Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымына мүше болғанына 30 жыл. Осы аралықта атқарылған жұмыстарды жоғары бағалаймыз. Бұл байланыс әлі де беки түседі дегенге сенеміз. Конституциялық реформаны жүзеге асырғалы жатырсыздар. Бұл – дамуға беттейтін үлкен қадам.