Мемлекет басшысы бірқатар мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады
Осылайша, бес мемлекеттің өкілі еліміздегі дипломатиялық миссиясына ресми түрде кірісті. Өз міндеттерін орындау барысында елшілерге Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Үкіметі жан-жақты қолдау көрсетеді. Солай деген Мемлекет басшысы дипломаттарды құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Вьетнаммен арадағы саяси диалогты және сауда-инвестициялық байланысты кеңейтуге мүдделі. Вьетнам президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің ұзақмерзімді жан-жақты жол картасын әзірлеуге мүмкіндік береді деп санаймын. Сондай-ақ Португалия да Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі саналады. Көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын қуат көздері, жаңа технологиялар, мәдениет және туризм салаларындағы ықпалдастықты нығайту үшін әлеует жеткілікті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің ТМД кеңістігіндегі негізгі серіктестерінің бірі Армения екенін атап өтті. Қос тарап та арадағы көпжылдық ынтымақтастыққа баса мән береді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шалғай жатқан Чили мен Қазақстанның байланысы да басты назарда», – деді. Себебі бұл елдің мыс алпауыты отандық кәсіпкерлермен серіктестік орнатуға бейіл. Арамыз Жаңа Зеландиямен де жақсы. «Екі елдің қарым-қатынасы өзара сенім мен мызғымас достыққа негізделген», – деді Президент. Өз кезегінде құрметті елшілер де ақжарма ақ тілектерін аяп қалмады. Сәйкесінше арадағы байланысты арттыру үшін аянып қалмақ емес.
Мария Мендеш, Португалияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен екі елдің қарым-қатынасын одан сайын арттыруға үлес қосатыныма қуанып тұрмын. Қазақстан мен Португалия мызғымас достыққа негізделген байланысты әр түрлі халықаралық алаңдарда дамыта береді. Өз басым арамыздағы алыс-берістің қарқынын үдете түсетін негізгі тетіктерді табуға бар күш жігерімді саламын.
Эдуардо Эскобар Марин, Чилидің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Чили дипломатиялық байланыстың іргетасын 1993 жылы қалады. Келесі жылы берік қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Біз осы жылы саяси, сауда, экономикалық және мәдени ықпалдастықты нығайту үшін біраз күш жұмсадық. Біз сондай-ақ екі елдің арасындағы тауар айналымын арттыруға ниеттіміз.