Соңғы 4 жылда сотқа түсетін арыздар саны 2,5 есеге азайды – Жақып Асанов
Жоғарғы Сот төрағасы Мемлекет басшысына осылай деп баяндады. Жақып Асановтың айтуынша, 1 тамыздан бастап аумақаралық соттылық енгізілді. Істер автоматты түрде судьялардың мамандануын ескере отырып, бір соттың ішінде емес, бүкіл ел аумағындағы соттардың арасында бөлінеді. «Бұл – жемқорлыққа қарсы жаңа әдіс», – дейді Жоғарғы Сот төрағасы. Сондай-ақ Жақып Асанов қылмыстық процесте ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны 7 есе артқанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот процестерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ сот кадрларын іріктеуді жетілдіруге бағытталған қадамдар қажет екенін атап өтті.