Президент Қ.Тоқаев ресми сапармен Әзербайжанға барады
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қазақстандық әріптесінің келетінін осыдан бір ай бұрын хабарлаған. Бұл кездесу бауырластық байланысқа не береді? Осы күндері әзербайжандық сарапшылардың басты талқысына айналды. Олардың айтуынша, түбі бір түркілік тектен бөлек қазіргідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында бірге отырып, келісе шешетін мәселелер бар.
Алты қанатты киіз үй, қазақы шапан, домбыра мен қобыздың үні. Жоқ, бұл ел ішіндегі көрініс емес, бұл Баку. Орталық алаң. Осы сенбіде Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына отыз жыл толады. Ал тарихи һәм мәдени байланыстардың тым-тым тереңде жатқанын мұнда жиналғандардың бәрі біледі. Әсіресе, жастар.
Ал бұл «Адай» мен «Балбырауынды» домбырада шатаспай шертетін Әли Яғыз Евсен. Бакудың тумасы, Италияда оқиды, қазақшаға судай.
Әли Яғыз Евсен, Баку қаласының тұрғыны:
-Менің әкем түрік, анам әзербайжандық. Мен өзім Италияның Турин қаласында оқып жатырмын. Сол жақта менің қазақ достарым көп болды. Қазір олармен сөйлесемін, қазақшаны үйрендім. Қазақ тілі маған әдемі келеді құлаққа. Түрік тілдерінің арасында ең әдемі. Маған көп қиын болмады.
Қазақ пен әзербайжанның тамырлас, бауырлас халық екенін біліп қана қоймай, тануға талпынып жүрген жастың тағы бірі – Джавидан Гасанзаде. Төрт айдың көлемінде қазақ тілін үйреніп алған.
Джавидан Гасанзаде, Баку қаласының тұрғыны:
-Әттең-ай, әттең-ай..
«Қазақстан мен Әзербайжан халқының бауырластық байланысынан, сауда-экономикалық қарым-қатынасына келгенде сәл кібіртіктеп қалатынымыз рас», – дейді сарапшылар. «Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 332 млн АҚШ долларыннан сәл асқан. Бұл елдердің әлеуеті үшін тым аз көрсеткіш», – дейді экономист Эльшад Мамедов.
Эльшад Мамедов, экономист:
-Менің ойымша, біздің үкіметтеріміздің алдына елдер арасындағы бұл көрсеткішті орта мерзімді перспективада кем дегенде 1 миллиард доллардан асыру міндетін қою қажет. Себебі бұл статистика біздің әлеуетімізге сәйкес келмейді. Бірақ, ол үшін бірлескен тікелей инвестициялар қажет. Бұл үшін мүмкіндіктер бар, жалпы біздің экономикамыздың құрылымы өте ұқсас. Біз соңғы онжылдықта тек мұнай-газ саласын дамытуға, шикізаттарды экспорттауға көбірек көңіл бөлдік.
Қазақстан мен Әзербайжан құрлықта шектеспейді, ортаны тек Каспий кесіп жатыр. Соңғы уақытта қос тарап та Каспийге деген көзқарасын өзгертті. Оны халықаралық көлік хабына айналдыру қажеттігін жиі айтып жүр. Жергілікті халық Хазар деп атайтын теңіздің тасымалдау қуатын жылына 135 млн тонна деп бағалайды сарапшылар. Дегенмен елдер осы әлеуеттің тек 30 млн-ын ғана пайдаланып отыр. Бидай және мұнай. Экспорт бойынша осы екі өнім өтімді. Бидай тасымалдауда кедергі жоқ, ал мұнайда керісінше...
Фархад Мамедов, «Оңтүстік Кавказ» зерттеу орталығының жетекшісі:
-«Баку-Тбилиси-Джейхан» мен «Баку-Супса» құбырлары негізінде орташа қуатпен жұмыс істеп тұр. Яғни бізде бұл инфрақұрылымды толтыруға болады. Бірақ мәселе Қазақстан мен Әзербайжан арасында, Каспийде құбыр жоқ және сәйкесінше мұнайды шектеулі мөлшерде танкерлермен тасымалдауға тура келеді. Каспийде танкерлер салу мәселесіне көшбасшылар кездесуінде ерекше көңіл бөлінеді деп ойлаймын.
Қос президент те – кәсіби әрі кәнігі дипломаттар. Тоқаев пен Әлиев әр жылдары, бірақ бір оқу орнын тәмамдаған. Сондықтан, жалпы халықаралық қатынастарды айтпағанда, бір-бірін туыспыз деп іш тартатын қазақ пен әзербайжан халқының қарым-қатынасына дәл қазір қандай қарқын қажеттігін жақсы біледі, түсінеді. Ертең президенттер кездеседі, сөйлеседі, қарым-қатынастың барлық қалтарысын талқылайды. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары аясында 20-дан астам құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жандос Битабаров, Дулат Ентебеков