Президент Жолдауында елді елең еткізген басты міндеттер туралы айтылды
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың жеке есепшотына аударылады. Ал жөргекпұл бала 1,5 жасқа толғанша төленеді. Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы артып, әлеуметтік жағдайы жақсарады. Білім гранттары көбейеді. Сондай-ақ шалғай елді мекен тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізеді. Президент Жолдауындағы елді елең еткізген басты міндеттерге тоқталсақ.
Жазғы демалыстан соң жұмысқа білек сыбана кірісуге асыққан депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер бүгін президент Жолдауын тыңдауға бір адамдай жиналды.
Себебі осы құжат олардың алдағы жоспарларының басты бағдары болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Жолдаудың «Жаңа экономикалық саясат» бағдарында ел экономикасында қордаланған мәселелердің көп екенін айтты. Оны шешу жолдарының бірі – экономиканы цифрландыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек. Бюджет саясатына реформа жасалады. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе.
Президент 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың басым бөлігін қалпына келтіру жөнінде тапсырма бергенін айтып, Үкіметке бұл мәселені тікелей бақылауға алуын сұрады. Біресе жанар-жағармай, біресе қант жетіспеуі де Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95% жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.
Президент халықтың әлеуметтік әлеуетін де ұмыт қалдырған жоқ. Тіпті көптен күткен шешімдер айтылды. Енді ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ Жолдауда әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыратыны айтылды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады.
Мейрамбек Төлепберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды айтты. Бұл өте орынды шешім. Бұл – болашаққа деген инвестиция.
Сондай-ақ Президент биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге кәдеге жарату салымы 200-250 мың теңгеден аспайтынын айтты. Және жыл соңына дейін игерілмей жатқан 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылатынын жеткізді. Сонымен қатар Президент Жолдауының соңында, елді елең еткізген мәлімдеме жасады.
Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық 1 мерзіммен шектеуді ұсынды. Яғни енді сайланған Президент Ақордада 7 жылдан артық отырмайды.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Серік Қоңырбаев