Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишельге «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығының жобасы таныстырылды
Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын энергия станциясын (жел, күн) және негізінен экспортқа немесе ішкі нарықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделіп отыр.
Аталған жобаны жүзеге асыру барысында, құрылыс кезеңінде шамамен 3500, нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу кезінде 1800-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Маңғыстау облысында маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қарастырылған.
Бұдан бөлек, инвестор есебінен инфрақұрылымдар салу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әлеуметтік міндеттемелер төлеу жоспарланып отыр.
Дереккөз: akorda.kz