Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды

Ол үшін өңірдің ондаған ауылдық округінде құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, тамақ өнімдерін шығару үшін бизнес құру көзделіп отыр.

80 жасқа келген Құтым Қасенов  ауылда кәсіп бастап, дамытудың үлгісін көрсетіп отырған ақтөбеліктердің бірі. Соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы жылыжайда өсірген көкөніс түрлері өзі туып өскен Байғанин ауданынан өзге, облыс орталығында да сұранысқа ие.

Құтым Қасенов, кәсіпкер:
-Жүзімді эксперимент жасап, жылыжайдың ішіне еккеніме 3 жыл болды. Даладағыдан 1 ай ерте көктейді. Далада жүзім жаңа бүршіктеп жатқанда, іштегі жүзім түйнектеп жатады. Соған қолдау керек.

Енді мұндай кәсіп түрлері «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендерде көбейе түспек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда ауылдық аумақтарды дамытуға мейлінше көңіл бөлініп, салада 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Кооперативтерді дамыту үшін 1 триллион теңгеден аса қаражат жұмсалмақ. Жобаны республикада алғаш болып бастаған Ақтөбе облысында да бұл мақсатқа тек биыл республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бағыттайтын болады.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
-Бұл жобаға облыстағы 24 округтер қатысады. Бұл жобаның ішінде 2772 -сі жүзеге асырылады. Сонымен қатар жобаның ерекшелігі Қазақстанда бұл бірінші рет ірі шаруалар есебінен тауарлық несие ретінде 6 мың басқа жуық мал беретін боламыз.
 
«Ауыл аманаты» жобасы аясында енді елді мекендегі үйді де кепілге қоя отырып, 2,5%-пен несие алуға мүмкіндік бар. Маңызды бастаманы іске асырудың нәтижесінде ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 42% дейін төмендеп, табыс едеуір артпақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков