Хабар телеарнасы

Сайлау 2022: түркістандықтар белсенділік танытып отыр

Осы уақытқа дейін олардың 20 проценті дауыс беріп үлгерген.

Жандос Жұмабек, тілші:                                                                                     

-Түркістан өңірі сайлаушылары ең көп аймақ саналады. Сондықтан халықтың саяси науқанға деген белсенділігі өте жоғары. Біз қазір Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет үйінде орналасқан №133-ші сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда дауыс беруге құқы бар 2773 сайлаушы тіркелген.

Сайлау уческесі ашылғаннан бастап, өз таңдауын жасау үшін мұнда келіп жатқан тұрғындардың қарасы қалың. Олардың арасында өмірінде алғаш рет дауыс беріп отырған 1 курс студенттері, ардагерлер, зиялы қауым, көпбалалы отбасылар, этно-мәдени бірлестік өкілдері мен мәслихат депутаттары және қарапайым қала тұрғындары да бар. Сайлау учаскесінің қызметкерлері ерте келіп, дауыс берген сайлаушыларға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде топ жарған Құлбайымбетовтар әулеті де кезектен тыс президенттік сайлауға отбасымен келіп, өз таңдауларын жасады. Түркістан қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов ақсақалды әңгімеге тартып, бүгінгі саяси науқан жайында пікірін білдік.

Түркістан облысында 919 сайлау учаскесі бар. Онда 1 млн 163 мың 863 сайлаушы саяси науқанға қатысып, өз таңдайын жасайды деп күтілуде. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазірге дейін  сайлаушылардың 20 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерген. Айта кетейік, облыста 6355 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Оның 6229 учаскелік болса, қалған 129 аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері. Бұдан бөлек, 2 ұзақ және 12 қысқа мерзімдік шетелдік байқаушы сайлау учаскелерін аралап, сайлау барысын бақылап жүр.