Хабар телеарнасы

Академик Жұрынов: халық сайлауға жауапкершілікпен қатысып жатыр

Барлығы 8 аудандық және бір қалалық комиссия бар. Қалада жалпы саны 1 миллион 176 мың сайлаушы дауыс беру құқына ие. Таңертеңнен бастап өзінің азаматтық борышын орындағандардың бірі Ұлттық ғылым академиясының президенті, белгілі ғалым Мұрат Жұрынов болды. Ол өзі тіркелген учаскеге барып, дауыс берді. Академик халықтың сайлауға үлкен жауапкершілікпен қатысып жатқанын айтады. Оның пікірінше сайлау елдің болашақтағы даму бағытын айқындау үшін керек. Мұрат Жұрынұлы 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржы Жалпы ішкі өнімнің 1 процентіне дейін жететінін атап өтті. Бұл қазіргі көрсеткіштен 6-7 есе көп. Ғалымдарда өздерінің ғылыми жаңалықтарын бизнес және өндіріспен ұштастырып, шикізатты терең өңдеп, товар шығаруға үлес қосулары қажет. 

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті:

- Қазақстан халқы сайлауға жақсы, үлкен жауапкершілікпен қатысып жатыр. Оның себебі біздің халқымыз білімді, Қазақстан хлқының ішінде сауатсыздар жоқ. Бұл үлен көрсеткіш. Біз Азия халықтарының ішінде ең алдыңғы шепте тұрамыз. Мәдениетімізде мол. Сондықтан елдің тағдырына байланысты президент сайлау, келешекке көз жүгірту бұл осындай өркениетті мемлекеттердің халықтарына тән.