29-35 жас аралығындағылар «жастар» санатына кіреді
Құжат Президенттің қол қоюына жіберілді. Енді 35 жасқа дейінгі барлық азаматтар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға құқылы. Сондай-ақ бұл құжатта бала күтіміне байланысты жәрдемақыны 1 жарым жасқа дейін төлеу, әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп бекіту туралы нормалар да бар. Сенатта сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, жалпы заң жобасы мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге, оларды жұмыспен қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қажетті мүмкіндіктер жасауға негізделген.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Енді жергілікті атқару органдары мен жоғары атқару органдарының жұмыс тиімділігі, нәтижесі - осы жастарды жұмыспен қамтуымен де өлшенеді. Бірінші рет Қазақстан жұмыссыз жастарды өлшеу индексі жасалынады. Оған дейін болған жоқ.
Сондай-ақ Сенаттың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы болып Асламбек Мерғалиев сайланды. Ол 20 жылдан астам сот жүйесінде қызмет етіп келеді. Бұған дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған.