Жоғары палата жасақталып бітті
Саясаттанушылар депутаттарға сол жағалауда ғана бой сағаламай халыққа жақындай түсуге кеңес береді. Жаңа Қазақстанды құру жолы осылай саяси таңдау жасаумен жалғасып жатыр.
Осы аптада Парламенттің жоғары палатасы жартылай жаңарды. Бірі орнын босатты, бірі қайта тағайындалды, енді бірі төменгі палатадан жоғарыға өтті. Осымен Сенат жасақталып бітті.
Бейсенбіде Мемлекет басшысы сол жаңарған Сенаттың отырысына өзі қатысып, сөз сөйледі. Екі қайтара Сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл заң шығарушы органның орны бөлек. Президенттің пайымынша, палата өз жұмысын абыроймен атқарып келеді.
Сенаторлар алдында Мемлекет басшысы жоғары палата төрағасының жаңа кандидатурасын ұсынды. Бұл түптеп келгенде, елдің саяси өмірі, болашағы үшін аса маңызды шешім еді. Себебі Конституция бойынша, әлдеқандай себептермен Президент қызметін тоқтатса, жоғары билік Сенат төрағасының қолына өтеді. Яғни жалпақ тілмен айтсақ, ел ішіндегі екінші адам деген сөз.
Сонымен Президент ұсынған кандидатура Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев болатын. Жасырын дауыс беру нәтижесінде ол Сенат спикері болып қайта сайланды. Әшімбаев бұл қызметке 2020 жылдың мамырында келген болатын. Сенат тізгінін қайтара қолға алған Мәулен Сағатханұлы бүгін 52 жасқа толып жатыр, құттықтаймыз!
Айта кетейік, осы сейсенбіде Мемлекет басшысы Сенаттағы 13 депутаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Олардың арасында Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев, Дана Нұржігіт бар. Ал Президент тағайындаған 10 Сенатордың арасындағы жаңа есімдердің бірі — еліміздің Жоғарғы сотын 5 жыл басқарған Жақып Асанов. Ол Сенат төрағасының орынбасары орынтағына отырды. Президент тағайындаған он Сенатордың бесеуі Қазақстан халқы ассамблеясынан болатын. Осылайша, төменгі палатадағы тоғыз орын босады.
Жалпы жоғары палата депутаттарының өкілеттік мерзімі 6 жыл екенін ескерсек, оның тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Осы тәртіппен қаңтардың ортасында ғана Сенаттың 20 депутаты сайланғанын білесіздер. Мінеки, осылай жаңғырған жоғары палата алдында жаңа міндеттер тұр. Оның үстіне енді алдағы екі айда жоғары палатаның бұл депутаттары Мәжілісмендердің міндетін де қоса атқарады.
20-сы сайланды, 10-ны тағайындалды. Осымен жоғары палата жасақталып бітті. «Сенат 80% жаңарды», — деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясы. Сенаторлардың орташа жасы — 53. Су жаңа Сенаторларды күтіп тұрған жұмыс көп. Алдағы екі айда тұтас Парламенттің жүгі осы жоғары палатаға жүктелмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін.
Ескі де жаңа төраға — Мәулен Әшімбаев. Оның орынбасары — жалпақ жұртқа Жоғары сот төрағасы ретінде танылып келген Жақып Асанов. Екеуін де Президент өзі тағайындады. Президент тағайындаған 10 Сенатордың бесеуі — Қазақстан халқы ассамблеясынан. Соның бірі — экс-Мәжілісмен Геннадий Шиповских. Екі шақырылымда төменгі палата депутаты болған ол халықпен әлеуметтік желі арқылы байланыс жасап отырмақ.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Әлеуметтік желі өте жақсы құрал. Мен жеке кабинетімде отырған кезде, бос уақыт болған кезде 30-45 минут тікелей эфирде кісілермен сөйлесемін. Сонда астына пікір жазатын кісілер қаншама, өзінің комментарийін жазады, сұрақ қояды. Сол мәселелерден шығып біз түрлі мәселелерді қозғайтын боламыз. Өзім бақылап отырам, ватсаптан бастап тик-токқа дейін.
Осыған дейін төменгі палатада тоғыз орынды иемденіп келген ассамблеялықтардың ашықтығына қазір де күмәнмен қарайтын саясаттанушылар бар.
Жұлдызай Ысқақова, саясаттанушы:
-Бұл механизм бойынша да көкейде сұрақтар бар. Ассамблеядан сайланатын депутаттар саны қысқарған шығар, біз саяси этникалық мемлекет екенімізді де жақсы түсінемін. Бірақ әр әрекет ашық болу керек. Ассамблея атынан ұсынылатын депутаттар қандай талаппен өтіп жатқаны түсініксіз. Конституцияда Парламент заң шығарушы және өкілді орган деп жазылған. Яғни оның құрамында халық өкілдері болу қажет.
«Біздегі саяси партияларға сайлау таянған тұста ғана жан бітеді», — деп сынайтындар көп. Президенттің пайымынша, бізге қазір сөзі мен ісі қабысатын, жауапкершілігі жоғары партиялар керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс. Жұртшылықтың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Жаңарған Парламент қандай болуы керек? Саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің ойынша, біз соңғы уақытта жиі айтып жүрген ықпалды Парламент халыққа жақындай түсуі қажет. Сол жағалауда ғана бой сағалап, заң шығару, ендігі ескі әдіс.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
-Депутаттардың бұл жерде әрдайым халықпен кездесуге мүдделі болу керек. Олар тек қана кабинетте мәселе шешпеу керек. Қандай да бір мәселе туындаған кезде депутаттардың сол жерден табылғаны абзал. Сол арқылы ғана депутаттар электораттың алдында беделін көтере алады. Тек Мәжіліс, мәслихат қабырғасында отырып, заңнаманы қабылдау деген қоғам тарапынан оларға ешқандай да ұпай әкелмейтіні анық.
Қоғам үлкен өзгерістерді, жақсы өзгерістерді қалайды. Ал алда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы. Партиялар да, қоғам белсенділері де Мәжіліс сайлауына түсуге дайын отыр. Күнде бірі мәлімдеме жасайды. Соған қарағанда, алдағы сайлаудан тағы сол біз жиі айтып жүрген саяси плюреализмнің реңкін көріп қалатын секілдіміз. Не болса да, алдағы екі айда елдің саяси өмірі жаңалыққы толы болады. Сайлаудың болғанынан боладысы қызық деген осы...
Авторлары: Құралай Жұмахан, Қанат Әбілдин