Жалпыхалықтық декларация тапсырудың екінші кезеңі басталды
Қандай мүлкіңіз бар? Осы жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Бұған дейін тек мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсырып келген еді. Биылдан бастап олардың қатарына дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, сондай-ақ, ұлттық компаниялардың мамандары да қосылды. Тағы кімдер декларация тапсырады? Оның мақсаты не?
Декларация — қарапайым тілмен айтқанда есеп жүргізу дегенді білдіреді. Яғни әр тұлға бір жылдық табысы мен мүлкінің есебін жүргізуі тиіс. Бұл — әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар үрдіс.
Ержан Бектібаев, Астана қаласы Сарыарқа ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
-2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап квазимемлекеттік секторлар және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері және олардың жұбайлары міндеттелді. 2024 жылдың қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары міндеттеледі.
Жалпыға бірдей декларация тапсырудың бастапқы сатысында барлық азамат активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны, яғни 250-ші нысанды толтырады.
Оны егов қосымшасы, салық комитетінің сайты, егов-мобайл және е-салық азамат қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Мәселен, е-салық қосымшасын жүктеп алып, үш жолақты түймешені басамыз, одан соң «декларацияны тапсыру» батырмасын таңдаймыз. Бір реттік құпия сөзді енгізгеннен кейін, Салық есептілігі мәзірі ашылады. Одан кейін нысанда көрсетілген анкетаны толық толтырып шығу қажет.
Ержан Бектібаев, Астана қаласы Сарыарқа ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
-Жалпыхалықтық декларацияға кірген кісі әрі қарай міндетті түрде кезең-кезеңмен жыл сайын мүлік пен табысы туралы декларацияны тапсырып отыруы тиіс. Бұл декларацияны ұсыну мерзімі қағаз түрінде 15 шілдеге дейін, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін. Сондықтан әлі тапсыру мерзімі бар.
Уақыт бар деп созбақтап жүруге тағы болмайды. Себебі декларацияны уақытылы тапсырмағаны анықталса, тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алғашында тек ескерту беріледі. 1 жылдың ішінде бұзушылық қайталанса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
-Жеке тұлға декларация тапсыру барысында салық төлеуден жалтару, мүлкін әдейі жасырып, табысын әдейі жапсырып, салық төлеуден жалтарғаны анықталса, 300% мөлшерінде айыппұл салынады, жалтарған салығы мөлшерінен.
Мамандардың айтуынша, декларация тапсыру еліміздің әлеуметтік осал топтарының жағдайын бағалау үшін қажет. Сондай-ақ көлеңкелі экономикамен күресті арттырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алмақ. Ал бұл туралы тұрғындардың ойлары қандай?
Егер декларация тапсыру туралы сұрақтар туындаса тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып немее 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы тегін кеңес ала алады.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазы