Сайлауға 15 күн қалды
Бүгіннен бастап Парламент және мәслихат депутаттарына дауыс беремін деген қазақстандықтар өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Мемлекеттік база негізінде құрылған дерек дайын. Әр тұрғын өзі жайлы мәліметтерді Телеграм бот, Веб портал, хабарласу орталығы арқылы біле алады. Қандай да бір себеппен тіркелген жері бойынша дауыс бере алмайтын азаматтар наурыздың 18-не дейін есептен шығу куәлігін алуына болады. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының алдындағы үгіт-насихат кезеңінің екінші аптасы қалай өтті?
Аманаттықтар осы аптада Абай облысына барды. Партия төрағасының өзі автобусқа мініп, тұрғындарды тыңдады. Айтуынша, партия Үкіметпен бірлесіп, автобустар паркін жаңартуды қолға алады. 2027 жылға дейін 40 шақырымдық электр және су желілерін жөндеуге ат салыспақ.
Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Әрине, әр өңірдің өзіне тән проблемалары бар, мәслелелері бар. Десе де осы біріншіден моноқалалардың, осындай шағын қалалардың тағдырлары, мәселелері, проблемалары ол бір біріне ұқсайды. Арқалықтың өзінде 1990 жылдардың басында 70 мыңнан аса адам тұратын болса, бүгінгі күнде 30 мыңға да жетпейді екен.
«Ауылдықтар» үгіт-насихат жұмыстарын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Абай мен Атырау облыстарында жалғастырды. Кандидаттар Семейдегі ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктерін құрастыратын зауытқа барды. Қызметкерлерімен кездесіп, еңбек жағдайымен танысты. Саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндірді.
Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
- «Ауыл» партиясының өкілдері Қазақстанның барлық өңірінде осындай кездесулер өткізіп жүр. Бүгінгі таңда өңірлердің 80% астамын қамтыдық. 2 мыңнан астам кездесу өткізді. Оған орта есеппен 200 мыңға жуық азаматтар қатысты.
Ал «Respublica» партиясының өкілдері қуаңшылық зардабын азайтуға ден қоймақ. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламаларға бірқатар өзгеріс қажет деген ойда. Үміткерлер Шиелі ауданындағы ірі шаруа қожалығына барды, ал Ақтөбедегі кездесуде жергілікті тұрғындар тері өңдеу ісінде қолдау сұрады.
Қостанайдағы кәсіпорын еңбекерлерімен жүздесуде агроөнеркәсіпті дамытуға қатысты сұрақтар талқыланды
Нұрболат Баймұратов, «Respublica» партиясы БҚО филиалының басшысы:
- Біздің штаб күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын атқарып жатыр. Еліміздің түкпір-түкіпірінен әр түрлі мәселелерді көтеріп, хабарласып жатқан жұрт көп. Қала халқымен бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. Жиынға келушілердің саны мыңға жуықтайды.
Ал Қазақстан Халық партиясы үгіт кезеңі басталғалы 700-дей іс-шара өткізген. Кездесулерге 100 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың басым бөлігі - еңбек адамдары.
Мысалы, осы аптада Алматыда партия өкілдері көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ұжымымен кездесті.
Шығыс өңірдегі бірнеше мекемені аралады. Партияға жаңадан қабылданған 30 адамға куәлік берді.
Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ төрағасы:
- Кездесулерге жеке өзімде қатысып жүрмін. Мұның алдында ғана Қарағандыда болдым. Металлургтер, дәрігерлер, зауыттардағы 14 ұжыммен жүздесіп партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырдық. Мұндай бетпе-бет форматындағы жиындар үлкен маңызға ие.
«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы елордада каратэдан өткен дүбірлі доданы тамашалады. Жарыс басталмас бұрын спортшылармен және олардың бапкерлерімен кездесті. Тілдесу барысында салауатты өмір салтын қалыптастыру, қоршаған орта мен экология мәселелеріне қатысты әңгіме өрбітті.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
- Негізгі мақсаттардың бірі – құндылық, ол денсаулықты сақтау. Спорт – ең бірінші ол денсаулықтың кепілі. Жастарды спортқа бағыттау, талпындыру ең басты мәселе боп тұр.
Сондай-ақ партия өкілдері елорданы жылумен қамтып отырған ең ірі орталықта болды. Мұнда мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Ал «Ақ жол» партиясының кандидаттары тараздық кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауалды баяндамасын таныстырды. Кездесуде былғары аяқ-киім жасайтын мамандар қордаланған мәселелерін ашық айтты. Кандидаттар жергілікті халықпен де кездесіп, партия бағдарламасын түсіндірді.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
- «Ақ жол» партиясы ұлттық кәсіпкерлердің және отандық өндірушілердің партия ретінде еңбек ұжымдарымен әрине кездесуді қалаймыз. Бұл кездесулердің екі жағы бар. Біріншіден, әрине, өзіміздің саяси бағдарламамызды, атқарған жұмысымыз туралы хабар беріп отырмыз. Екінші тарапынан, осы ұжымдардың, осы кәміпорындардың проблемаларды және де оларға қажетті бастамаларды талқылап жатырмыз.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы елдің барлық аймағында үгіт жұмысын жүргізіп жатыр. Бірлестік өкілдері әлеуметтік желіде де белсенді. Желі оқырмандарының жолдаған әрбір сауалына жауап беріп, ұсынысын тыңдады.
Асхат Рахымжанов, ЖСДП төрағасы:
- Елімізде 19 млн жуық халық болса, әрбірінің өз проблемасы бар. Әрқайсысы біздің парақшада өткізілетін эфирге кіріп, тікелей сауалын жолдауға мүмкіндік алады. Сондықтан қазір әлеуметтік желілерге аса мән беріп, онда белсенділік танытып жатырмыз. Кейде бір сұрақты үш адам жолдайтын кез болады. Бірден барлығына жауап беруге тырысамыз.
Үгіт-насихат жұмысына әлі екі апта уақыт бар.
Авторы: Бағдат Бектұрғанқызы