М.Әшімбаев: Жаңа Су кодексін әзірлеу керек
Парламент пен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп, жаңа Су кодексін әзірлеу керек. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жас сарапшылар клубының кезекті отырысында осылай деді. Оның айтуынша, құжат су саясатына қатысты жаңа, заманауи тәсілдерді қамтуы қажет. Мәселен, кодекске халықты суды тиімді тұтынуға ынталандыратын нормалар енгізілуі тиіс. Жиынға қатысқан Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жаңа идеяларды әзірлеуге осы саланың білікті мамандарын тарту маңызды екенін атап өтті. Жас сарапшылар клубының мүшелері осы мәселеге қатысты өз ойларымен бөлісіп, халықаралық тәжірибені қолдану жайын қозғады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырды. Қолданыстағы құжат 2003 жылы қабылданған. Бұл құжатта су, ең алдымен өндіріс факторы ретінде қарастырылады. Ал суды үнемдеу, суды үнемді пайдалануға ынталандыру мәселелері ескерілмеген. Сондықтан қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен депутаттардың алдында жаңа Су кодексін әзірлеу міндеті тұр. Ол құжатта су саясатына қатысты жаңа, заманауи тәсілдер ұсынылуға тиіс.