ШҚО-дағы ауыл-аймақтар Амал мерекесіне айырықша мән бере бастады
Бұл мейрам Бозанбай ауылында өтті. Ұзақ-қыстан аман шыққан ел бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, арқа-жарқа болды. Ақсақалдар бата беріп, жастар ән мен жырдан шашу шашты.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өскеменнен 60 шақырым қашықтықтағы Бозанбай ауылында ерекше күн. Ақ шаңқан үйлер. Қазаны отта, самаурыны шоқта, ән әуелеп, жыр төгілген нағыз думан. Тау баурайындағы тұрғындар 6 ай қыстан аман шықтық деп, мінеки ағайын туыспен көрісіп жатыр.
Ауылдың алты ауызы да, айтыс та, ұлттық ойындар да, бүркітшілер де осында. Сұңқаршы қыз Айзере жыртқыш құсты бір адамдай баптап, күтуде алдына жан салмай келеді. Қанаттыны талай рет аңға да өзі салған. 13 жасар қыз сұңқардың сырын әбден біліп алған.
Айзере Маркс, бүркітші:
- Түлкі алған, қоян алған тағы басқа аңдарды алады жән де бүркітке өзім қараймын, өзім ұстаймын, қорықпаймын, бастысы адамның қорыққанын сасқалақтағанын біліп тұрады.
Мұхтар Тойбазаров, қала тұрғыны:
- Өте ұнап тұр, өйткені жастар да, үлкен кісілер де бар,үлкендерден бата алып жүрміз, балалар ұлттық киімдерін киіп біздің дәстүрге кірісіп жатыр.
Жиналғандардың бәрі де жаңа күнен жақсылық күтеді. Бастапқыда ұмыт болып, бұл өлкеде мүлдем аталмайтын мейрам, мінеки, соңғы жылдары осылай ауыл ауылда тойланып, тұрғындар асыға күтетін күнге айналған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов