Абай облысында 478 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр
Абай облысының тұрғындары да өз таңдауын білдіріп жатыр. Өңірде 630 сайлау комиссиясы мен 478 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Аймақта 416 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Облыста саяси науқан қаншалықты белсенді? Өңірдегі тілшіміз Азамат Қасымнан білейік.
Азамат Қасым, тілші:
-Таңның атысымен дауыс беруге асыққан халықтың қарасы қалың. Әсіресе ауыл халқы белсенділік танытуда. Біз қазір Бесқарағай ауданының Глуховка ауылындағы №264 сайлау учаскесінде тұрмыз. Елді мекен тұрғындарының дауыс беруге жақсы көңіл-күймен келіп жатқаны байқалады.
Толқын Түсіпова, №264 сайлау учаскесінің төрағасы:
-Біздің сайлау учаскімізде 700-ден астам сайлаушы бар. Оның ішінде 28–і денсаулығына байланысты үйден дауыс береді. Елдің көңіл күйі өте тамаша. Апаларымыз келіп, шашу шашып, ізгі ниеттерін білдіріп жатыр.
Кәдірбек Қабдоллаұлы, ауыл тұрғыны:
-Сайлау жақсы өтіп жатыр. Наурыз мерекесіне дәл келіп отыр. Осы саяси дода арқылы жастардың жаңа толқыны келіп, ел үшін еңбек етсін деймін.
Азамат Қасым, тілші:
-Жалпы, Бесқарағай ауданында 32 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. 12 107 дауыс беруші тіркелген. Ал біз тұрған Глуховка ауылында 4 адам алғаш рет өз таңдауын жасады. Соның бірі Аружан Русланқызы Түркияда білім алып жатыр екен. Бауырлас мемлекеттегі зілзалаға байланысты елге оралыпты.
Аружан Русланқызы, студент:
-Мен сайлауға өз дауысымды беру үшін келдім . Ең алғаш рет таңдау жасап жатырмын. Менің ойымша, Қазақстан жастары үшін өте маңызды сәт. Үлкен өзгерістерге алып келеді, халықтың жағдайы жақсарады деп ойлаймын.
Азамат Қасым, тілші:
-Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірден 413 адам өз кандидатурасын ұсынған. Оның 50-і облыстық мәслихатқа, 355-і қалалық және аудандық мәслихатқа, 8-і Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер.
Авторлары: Абай облысынан Азамат Қасым, Медет Өмірханов