Ұлыбританиядағы саяси науқан енді қызып жатыр
Өйткені Лондон Астана уақытынан 6 сағат артта. Біздің Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы байланысқа шығуға дайын.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
-Лондонда бүгін күн бұлтты болғанымен, қуанышқа орай, жаңбыр жауған жоқ. Бірақ қандай ауа-райы болмасын Ұлыбританиядағы отандастарымыздың белсенділігі әдеттегідей жоғары. Учаске Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі ғимаратында орналасқан. Сайлаушылар — Тұманды Альбионда уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз. Араларында туристер мен Біріккен Корольдікте іссапарда жүргендер де кездеседі. Дауыс беруге тек Лондон емес, Біріккен Корольдіктің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Араларында Ковентри, Манчестер, Рединг, Абердин және басқа да қалалардың тұрғындары бар. Басым көпшілігі әрі белсенділері — студенттер қауымы.
Назгүл Сарыбай, дауыс беруші:
-Шынымен де әр адамның дауысы, әр адамның өзінің азаматтық борышын өтеуі маңызды деп ойлаймын. Бұл бүгініміз үшін де емес, ертеңіміз үшін де дауыс беріп жатырмыз. Сондықтан барша қазақстандықтарды бүгінгі маңызды шарамен құттықтауға болады.
Сайлауға отандастарымыздың кейбірі, отбасы, бала-шағасымен бірге келген. Көпшілік бір-бірін ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мәре-сәре болып жатыр. Елшілік қызметкерлері дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтуға күш салып, сонымен қоса азаматтардың мерекелік көңіл кұйде болуын да қамтуға тырысып жатыр. Сайлау қорытындысы ертең белгілі болады.