Дәулет Мұқаев: Баспана қолжетімді болмай тұр
«Жас отбасы» тұрғын үй бағдарламасының бастапқы жарнасы 10% аспауы керек. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың айтуынша, аталған бағдарламаның бастапқы жарнасы бүгінде 50%. Жастарға мұны жинау оңай емес. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша аймақтарда несиелеу мөлшері 15 млн теңге деп белгіленген. Бұл қаражатқа көпбалалы отбасылар тек бір бөлмелі пәтер рәсімдей алады. Сондықтан депутат мемлекеттің баспана бағдарламаларына өзгеріс енгізу қажет деп санайды.
Айта кетейік, алғаш рет Мәжіліс отырысы республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілді. Бұл заң шығару органының ашықтығын паш етеді. Осы күні Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Мемлекет басшысы еліміздің қарқынды дамуы үшін алдағы 5 жылда сапалы заңнамалық негіз жасауды тапсырды. Ол үшін барлық алғышарт жасалған. Мәжіліске заң қабылдау өкілеттігі толығымен берілді. Енді жүк те, жауапкершілік те бізге түседі деген сөз. Сондықтан депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс жасау қажет.