Жезқазғандағы ЖЭО-ның қазандық агрегаттары 74% тозған
Осыған байланысты меншік иесі жаңа жылыту маусымына дейін қосымша қазандықты іске қосып, жалпы энергия көзін күрделі жөндеу мәселелерімен белсенді түрде айналысуы қажет. Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр осындай тапсырма берді. Әлихан Смайылов сондай-ақ ауызсу тазарту нысанындағы жөндеу барысымен танысты. Бұл жұмыстар 2025 жылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Өңірдегі ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 30 елді мекенде кешенді модульдер мен 4 елді мекенде су құбыры желілерін салу көзделген. Жезқазған-Қызылорда тасжолының құрылысы да алдағы 2 жылда аяқталуы керек. Биыл алғашқы 65 шақырымы іске қосылады. Үкімет басшысы бұл жұмысқа жергілікті құрылыс компанияларын барынша тарту қажеттігін айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Биыл 420 млрд теңгедей бөлініп, 3,6 мың км жөнделеді және реконструкцияланады. Соның ішінде мынау Жезқазған-Қызылорда жолы. Біз ойлаймыз бұл жолды іске қосатын болсақ, бұл жалпы осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің үлкен серпінін береді деп. Сондықтан бұл жұмыстарды әрі қарай қарқынды жүргізу керек.