Сенат депутаттары: Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға бірқатар кедергі бар
Елдегі жалпы өндірісте тамақ өнеркәсібінің үлесі 21% құрайды. Былтырғы өнім көрсеткіші 3,9% өсіп, 2,9 трлн теңгеге жеткен. Мұндағы негізгі өнімдер — ұн, сүт және ет. Өткен жылы 3,9 млн тонна тауарлық сүттің 1,9 млн тоннасы ғана өңделген. Ал ішкі тұтыну қажеттілігі — 2,3 млн тонна. Мақтаның жайы да мәз емес. Жиналған 360 мың тонна өнімнің 15% қайта өңделген. Қалғаны арзан бағада шетелге сатылған. Ірі қара мал терісінің өндірісі 3,4 млн дананы құраған. Оның шамамен 14% ғана өңделген. Ал ұсақ мал терісі бойынша 7,9 млн дана өндірілген. Бірақ сұраныстың болмауына байланысты өңдеу және экспорттау іске асырылмаған.
Депутаттар бұл мәселелердің туындауына нарықта жалған және арзан өнімнің болуы мен бәсекенің күшеюі себеп дейді. Соның салдарынан тіпті қазір ұн өндіретін 270 кәсіпорынның үштен бірі ғана жұмыс істеп тұр. Десе де тиісті министрліктің дерегінше, жалпы қуаттылығы 58 мың тонна болатын жарма мен макарон және 21 мың тонналық крахмал өндіретін 11 инвестициялық жоба іске асырыла бастаған.
Закиржан Кузиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Қазақстанда бірқатар себеп бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен қозғалысын объективті есепке алу әлі жоқ екенін мойындау қажет. Осыған байланысты мемлекеттік органдар реттеушінің орнына ынталандырумен ықпал ету шараларын пайдалана отырып, ішкі нарықты азық-түлік тауарымен толтыру әдісін қайта қарауы қажет деп есептейміз. Сондай-ақ мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ісіне түрлі шектеулермен араласуды азайту қажет.