Хабар телеарнасы

Президенттің Атырау облысындағы резиденциясы балаға арналған жазғы демалыс орнына айналады

Президенттің Атырау облысындағы резиденциясы енді ресми, лауазымды қонақтарды қабылдамайды. Бұл ғимарат 300-ден астам балаға арналған жазғы демалыс орнына айналады. Қосымша асхана салынып, ішін қайта жабдықтау жұмыстары жасалуда. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Одан бөлек, 20 жылдан астам уақыт дұрыс қолданылмай келген Ерік Мостовой дренаж арнасы да демалыс аумағына айналады. Кәріздік коммуникациялары мен жазғы су құбыры тартылған соң, беті жабылып, веложолақтар және жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Жан-жағын абаттандырып, көше шамдары мен орындықтар қойылады. 

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
-Президентіміз арнайы тапсырма берген. Жайықтың жағасында орналасқан резиденцияны балалардың игілігіне пайдалану үшін облыстық Білім басқармасының жанындағы дарынды балаларды қолдау орталығына бердік. Өзінің талаптары бар. Сол талаптарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келесі жылдан бастап орталық өзінің есігін айқара ашады деген сенімдеміз.