Конституциялық сотқа үш мың өтініш түскен
Үш мыңнан астам қазақстандық конституциялық сотқа жүгінді. Бұл туралы осы органның төрағасы Эльвира Әзімова Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді. Ол өтініштердің мазмұнына да тоқталды. Жартысына жуығы сот шешімімен келіспеуге қатысты. Тағы бір бөлігі сот актілерінің орындалмауы, тұрғын үй және еңбек қатынастарына наразылығын білдірген. Әлеуметтік сала мен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы сұрақтар да көтеріліпті. Айта кетейік, Конституциялық сот осыдан бес ай бұрын жұмысын бастады. Өтінштердің бәрі осы аралықта түскен.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы:
- Өтініштердің төрттен бірінде ғана 26% азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұраған. Өңірлер арасында ең көп өтініш Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысының тұрғындарынан келіп түсті.
Парламент депутаттары жиынның күн тәртібінде 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітті. Былтыр елімізде қаржылық төлемдер, оның ішінде әлеуметтік міндеттемелер толық орындалған. 20% дейін жеткен инфляция тоқтады және біртіндеп төмендеуде. Экономиканың нақты өсімі 3% асқан. Ақшаны орынды пайдаланбау деректері анықталыпты. Оның көлемі 179 млрд теңгені құраған. Басқа жағдайларды қоса алғанда, 500-ге жуық материал құқық қорғау органдарына жіберілген.