ШЫҰ тізгіні Қазақстанның қолына тиді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Семей аймағының қауіпсіздігі туралы заңға қол қойды. Оған сәйкес, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» құрылады.
Қазіргідей ядролық соғыс қаупі туралы болжамдар жиі айтыла бастаған тұста, ядролық сынақтарды бастан өткерген ел ретінде жер бетіндегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа жауапты державаларға жауабымыз осы.
Қазіргі кезеңде Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси қайшылыққа жол бермеу керек және бұл ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді бірлестіктер базасында қауіпсіз әлем құруға талпыну маңызды. Осы аптада бұл ұйымның онлайн отырысы өткен. Жалпы, жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын бұл ұйымға әлемдік сауданың 15% тиесілі. Дегенмен, ұйым осы әлеуетін әлі дұрыс пайдалана алмай отыр. Мысалы 20 жылдан астам уақытта бір де бір ірі экономикалық жоба жүзеге асқан жоқ. Ұйымның төрағалығы Қазақстанға берілді. Президент басымдық беретін бағыттарды атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемдік қоғамдастыққа қауіпсіз әлем туралы өз ұстанымын ұсына алады әрі ұсынуға тиіс. Сондықтан Қазақстан өзінің төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтереді. Бұл ауқымды құжатта сенім шараларын нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттарының негізі қаланады. Бұл бастаманы қолдау біздің ортақ мүддемізге сай екеніне сенімдімін. Сонымен қатар біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке» – трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі.
«7 күн»